Жамбыл облысында бес күнде 53 келіден астам марихуана тәркіленді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының аумағында есірткі мен психобелсенді заттарды жеткізу арналарының жолын кесуге бағытталған «Өрмек» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бес күндік іс-шара барысында заңсыз айналымнан 53 келі 646 грамм «марихуана» есірткі заты тәркіленді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өрмек» жедел-алдын алу іс-шарасының нәтижесінде 11 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде төртеуі Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтау, біреуі ҚР ҚК 300-бабымен құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және ҚР ҚК 296-бабы 1,2,3-бөліктері бойынша алты қылмыстық теріс қылық деректері болып тіркелген.

«Ағымдағы жылдың 12 шілдесі күні Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жуалы ауданының «Бәйтерек» және «Қызыларық» ауылдары арасындағы тас жолында Нұр-Сұлтан қаласында уақытша тұратын, бұрын сотталмаған және уақытша жұмыссыз Өзбекстан Республикасының 36 жастағы азаматын ұстады. Одан салмағы 3 келі 786 грамм болатын «үнді марихуанасы» тәркіленді. Сонымен қатар, дәл осы күні Шу ауданының «Аспара-Тасөткел» құмды аймағында салмағы 5 келі 400 грамм «марихуана» есірткі затымен 34 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ұсталды»,- дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Қазіргі таңда күдіктілер кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар