Жамбыл облысында балық өндірісі бес жылда 3,5 мың тоннаға жеткізіледі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында тауарлы балық өндірісін 2025 жылға қарай 3 500 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл ауданының «Сандель» шаруа қожалығының балық тәлімбағы аумағында өткен семинар барысында өңірдегі саланың жай-күйі жан-жақты сараланды. «Сандель» шаруа қожалығы аква шаруашылығымен 2005 жылдан бері айналысып келеді. Инкубациялық цехта кәсіпорын 100 миллион дернәсіл мен 10 миллион шабақ өсіріледі.

Шаруашылық басшысы Дилмұрат Хұсайын-Ахуновтың айтуынша, екі жыл ішінде дернәсіл өндірісін 150 млн-ға дейін және бір жыл ішінде шабақ өндірісін 15 млн-ға дейін ұлғайту көзделуде. Мұнда балық тәлімбақтарын қалпына келтіру шаралары қолға алынуда екен. Ол бойынша тоғандар саны артып, инкубациялық цех жаңғыртылмақ. Сонымен қатар құрама жем зауыты салынады.

Басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтағы балық шаруашылығын дамытудың маңызы зор екендігін, бірақ, өкінішке орай, экономиканың бұл саласына тиісті назар аударылмайтынын, кейінгі уақытта ол дамуын тоқтатып қана қоймай, құлдырап бара жатқанын атап өтті.

Аймақ басшысы балық шаруашылығын жандандыру қажеттігіне көңіл бөлді. Қазіргі таңда облыс бойынша жылына мың тонна балық өндірілсе, ал Совет кезінде бұл көрсеткіш шамамен бес мың тонна болған. Сол себепті ол өңірдегі импортқа тәуелді саланың бірі болып қалуда.
- Бір кездері Жамбыл облысы ірі балық өндіруші өңірдің бірі болған. Ал бүгінде Балқаш көлінен шамамен 700 тонна балық ауланады, ал ауылшаруашылық кәсіпорындарымен тағы 300 тонна алынады. Бұл өте аз. Балық шаруашылығы қайта экономиканың маңызды салаларының біріне айналуы тиіс. Мемлекет алға дамып келеді. Мал азықтарын субсидиялауға ақша бөлінуде. Бірақ мәселелер әлі де жоқ емес. Облыста балық өсірумен тек 60 шаруашылық айналысуда десек, олардың бесеуі ғана ірі құрылым саналады. Тауарлы балық өндірісінің көлемін арттыру керек. 2021 жылы бұл тұрғыдағы өсімді 2 400 тоннаға, 2022 жылы 3 000 тоннаға, 2025 жылы 3 500 тоннаға дейін жеткізу қажет, - деді әкім.

Аймақ басшысы жауапты ведомстволарға балық шаруашылғы саласын дамыту жобасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, технологияны дамыту және аграршылардың білімі мен практикалық тәжірибесін арттыру мәселелері де қарастырылады.


Семинар барысында саланы дамытудағы кездесіп отырған өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрағын жолдап, ұтымды ұсынысын білдірді. Негізінен қатысушылардың дені су тапшылығына қатысты шағымданып, өзендер мен көлдердің түбін тереңдетуді талап етті. Сондай-ақ, олар балық аулау мерзімін өзгерту қажеттілігін жеткізді.

Бердібек Сапарбаев көтерілген барлық мәселелерді жедел назарға алып, қарастыруды және мүмкіндігінше өңірдегі балық өндірісінің өркендеуін тежеп отырған кедергілерді жоюды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар