Жамбыл облысында ауыл тұрғындары мұқтаж екі отбасыға үй салып берді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында екі отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан аталған жоба шеңберінде аудандағы Түймекент ауылдық округіндегі тұрмысы төмен, көпбалалы Ғалымжан Бекбауовтың отбасы баспаналы болды.

Қуанышты сәтті ауылдастармен бірге аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов, аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков бөлісіп қайтты.

Нұржан Тлепов тәрбиелік мәні бар үлкен істе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген түймекенттік ағайынның еңбегіне ризашылық білдіре келе, облыс, аудан басшылығы және өз атынан айтулы істе белсенділік танытқан ауылдастарға алғысын жеткізді.


Ауылдық округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Бөгенбаев, Ақжар ауылынан арнайы келген ақ жаулықты ана Ботакөз Тоғайбаева, қоныс тойдың иесі Ғалымжан Бекбауов сөз сөйлеп, айтулы істе белсенділік танытқан бірқатар азаматтар, шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлерге, қолдау көрсеткен аудан және ауылдық округ әкіміне ықыласын білдірді.

Көпбалалы отбасының жаңа үйін жабдықтауда да ауылдастары аянып қалмаған. Жаны жомарт, қолы ашық азаматтар ешбір ойланбастан қолдан келген көмектерін көрсеткен. Атап айтсақ, Бөкенбай Битабаров, Азимхан Биназаров, Ермек Арыпбеков, Ауес Қалабаев, Марина Байжарикова, Рахат Серикбаев, Мұқағали Оңалбаев әрқайсысы елу мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетсе, ауыл мешіті арқылы төрт кілем тарту етілген. Серік Мамырбаев пен Жасұлан Алтынбеков балалар бөлмесін жабдықтауға үлес қосса, Наурызбек Жолданов 80 шаршы метр созылмалы төбені, Ғабит Кенесариев пластик терезелер орнатуға көмектескен. Басқа да ауыл азаматтары қой, ешкі малдарын жеткізіп берген.


Дәстүрге сай шашу шашылып, қонақтар жаңа баспананың ішін аралап, құтты болсын айтты. Шара соңында баспананың салынуына сүбелі үлес қосқан ауыл тұрғындары аудан әкімі, аудандық мәслихат, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы және ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында бой көтерген келесі тұрғын үй Жаңатұрмыс ауылында тұрмысы төмен Жандарбек Әжібаевтың отбасына пайдалануға берілді.


Соңғы жаңалықтар