Жамбыл облысында аудан әкімі тағайындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өкімімен Қырықбаев Асқар Санатұлы Т.Рысқұлов ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қырықбаев Асқар Санатұлы 1965 жылы туған. 1988 жылы Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтын «ауыл шаруашылығын механикаландыру» және 2004 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1982 жылы Луговой ауданы Қорағаты совхозының егіс бригадасында жұмысшы болып бастаған.

1988-1989 жылдары Алматы орта кәсіптік-техникалық училищесінде оқытушы, лаборант, 1989-1993 жылдары Алматы облыстық автосервис және сауда кәсіпорнында инженер, шұғыл жөндеу шебері, басшының экономика және сауда жөніндегі орынбасары болған. 1993-2012 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ филиалдарында және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарда, 2012-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2014 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы лауазымын атқарып келді.

Соңғы жаңалықтар