Жамбыл облысында Аспара гидроторабы іске қосылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Меркі ауданында қайта қалпына келтірілген Аспара гидроторабы мен қосымша сумен қамту трактісі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов қатысты.

Жамбыл облысы жерүсті су ресурстарының 80 пайызына жуығын Шу мен Талас трансшекаралық өзендері арқылы алады. Шекаралас мемлекеттер арасында суды өзара бөлісу осы тұрғыда арнайы бекітілген крежелер негізінде жүзеге асырылады.

Соңғы жылдары Жамбыл облысы вегетациялық кезеңінде суару ылғалының тапшылығын бастан кешіріп келе жатыр. Ал егер биыл Орталық Азияда ылғал тапшылығы сезіледі деп күтілуде. Ол шаруалардың ойдағыдай өнім ала алмауына әсер етуі мүмкін.

Осыған орай 2018 жылы су тапшылығын ішінара шешу үшін аталған жоба қолға алынған болатын. Бүгінгі таңда 1928 жылы пайдалануға берілген Аспара су торабы толығымен қайта жаңартылды. Ол бойынша «Аспара қосымша сумен қамту трактісі» (АПТ) каналының 7,6 шақырымдық бетон жамылғысы ауыстырылды. Ол 3,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуға негізделген.


Сондай-ақ, су жүретін арнаны, тұндырғышты, автожол көпірлерін қайта жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіліп, автоматты су есептегіш жүйесі толығымен жаңартылды. Нәтижесінде АПТ өткізу қабілеті секундына жетіден тоғыз текше метрге дейін өсіп отыр.

Нысанды іске қосу нәтижесінде Аспара жүйесінің арналарымен Мерке ауданының алқаптарын, сонымен қатар 2,5 мың гектарды құрайтын Үлкен Шу каналының батыс тармағының төменгі бөлігіндегі аумақты да сумен қамтуға мүмкіндік туды.

Бердібек Сапарбаев жаңартылған су торабы мен тарату орталығының жұмысымен жан-жақты танысып, жергілікті фермерлермен әңгімелесті. Облыс басшысы нысан іске қосылғаннан кейін суармалы жер көлемі қаншаға артатынын сұрады. Бұл орайда 1,5 мың гектар суармалы жердің айналымға қосылу туралы айтылды.

- Жыл сайын облыс бойынша 170 миллион текше метрге дейін ылғал жетіспейді. Биыл біздің дихандар суармалы судың тапшылығын сезбеуі тиіс. Біздің міндетіміз – суармалы жерлердің көлемін 200-210 мың гектарға жеткізу. Тасөткел су қоймасын жөндеу, кем дегенде үш шағын су қоймасын салу жұмыстары жоспарлануда. Біз суды жинауға және сақтауға дағдылануымыз керек. Суармалы су мәселесін шешу арқылы өңіріміздің шаруалары үшін жоғары рентабельді дақылдарды егу және жоғары өнім алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Қант қызылшасының егісін ұлғайту қажет. Базардағы тәтті өнімнің құны өсіп келеді десек, бұл тұрғыдағы басты мақсат – облысымызды қантпен қамтамасыз ету. Бұл ретте сапалы тұқымдарды пайдалануға назар аудару қажет, біз осы мәселе бойынша семинар өткізетін боламыз, - деді облыс басшысы.

Меркі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Құралбай атап өткендей, ауданда 3,5 миллиард теңгеге 41 арнаны қайта жаңғырту және 5,6 миллиард теңгеге 46 ұңғыманы салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар жергілікті аграрлық сектордың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың айтуынша, құны 922,4 миллион теңге болатын жобаның тапсырыс берушісі – осы министрліктің су ресурстары комитеті .

Нысанның салтанатты ашылу шарасы барысында бас ғимарат іске қосылып, канал арқылы алғашқы су ағыны жіберілді. Енді АПТ және Үлкен Шу каналының батыс тармағының төменгі бөлігінде жерлері бар фермерлер ойдағыдай өнім ала алады деп болжауға болады.


Соңғы жаңалықтар