Жамбыл облысында аса ірі көлемде гашиш тәркіленді

Фото:
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Өңірлік полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Шу ауданы Бірлік ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күдіктінің үйін тінту кезінде жазғы ас үйден қара-жасыл түсті ұнтақ заты бар 2 полиэтилен пакет табылып, тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 4 келі 65 грамм болатын гашиш екені анықталды.

«Күдікті өз кінәсін толығымен мойындап, Шу қаласының изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 296- бабының 4-бөлігімен (есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Азаматтың қылмысы дәлелденген жағдайда оған 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза берілуі мүмкін», - дейді есірткі қылмысына қарсы күрес іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.

Айта кетейік, бұған дейін ҚазАқпарат Тараздағы клубтарды өздерінің «күзет қызметін» пайдалануға мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталды деп хабарлаған болатын.

Сондай-ақ, Таразда вокзал маңынан қару-жарақ жасырылған орын табылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар