Жамбыл облысында ақ жаулықты әжелер байқауы өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және өңірдің 80 жылдық мерекесіне орай «Мен - әжемін ұрпағын әлдилеген» атты әжелер байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің қолдауымен және қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шараны Жамбыл облысы басшысының орынбасары Сұлушаш Құрманбекова ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында өткен әжелер сайысы 5 кезеңнен тұрды.

Алғашқыда «Мен - әжемін ұрпағын әлдилеген» тақырыбында таныстыру кезеңі өтті. Мұнда әжелердің бірі үкілі домбырамен топ жарып, арнау айтса, енді бірі өз өмірінен көрініс қойып, көрерменнің көңілін қуантты. Екінші кезең бойынша «Әженің алтын қоржыны» сайысында қатысушылар қазіргі заман тақырыптарында сұрақтарға жауап берді, мақал-мәтел айтып, батаға талдау жасады. Одан кейін «Өнерлі өрге жүзеді» кезеңінде өз өнерлерімен көзге түсуге тырысып бақты. Ақ әжелер ән салып, күй шертті. Түрлі образдарды сомдап, жырдан шашу шашты.

«Ата мұра – асыл қазына» бәсекесінде аналар өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын ортаға салды. Бірі құрақ құрап, ою ойса, енді бірі тоқыма, әшекей бұйымдарын көрсетті. Соңғы кезең – үй тапсырмасы «Қонақжайлылық – ата дәстүріміз» деп аталды. Мұнда қазақтың ұлттық тағамдары – құрт, ірімшік, май, жент, қазы-қарта, жал-жая да дастарқанға қойылды.

Сайыс соңында көрерменнің көзайымына айналған Айман Қараулова «Сүйкімді әже», мейірімін төккен Сенімгүл Жексенбаева «Мейірбан әже», сыры кетсе де, сыны кетпеген Күлжәмила Жолдасова «Кербез сәнді әже», отбасының берекесі Нұрзада Махамбетова «Қазына әже», үйренуден жалықпаған, үйретуден аянбаған Айгүл Қабиева «Парасатты әже», бесік жырын төгілткен Гүлнәр Есенғалиева «Өнерлі әже», алтын оймақты Айнаш Тасмағамбетова «Шебер әже» атанды.

«Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрғаны дұрыс. Өйткені қазыналы қарттардың өткені бүгінгі ұрпаққа өнеге, үлгі. Ал, ондай ғибратты ғұмыр иелерін насихаттау арқылы біз ұлттық болмысымызды сабақтастыққа ұластыра аламыз. Бұл шарадан жылымықты сезіне алдық», - дейлі қазыналы әже атанған Нұрзада Махамбетова.

Соңғы жаңалықтар