Жамбыл облысында 8 жасар қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық полицейлер 8 жасар қыздың өліміне қатысты күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 24 сәуірінде Талас ауданы Қаратау қаласының кәмелеттік жасқа толмаған тұрғыны жоғалып кеткен болатын. Ағымдағы жылдың 25 сәуірі күні қаланың сыртынан жоғалған қыздың мәйіті табылып, Полиция департаменті қылмыстық істі «Кәмелетке толмағанды өлтіру» бабына ауыстырды. Аса ауыр қылмысты ашуға Ішкі істер министрлігінің, Жамбыл облысы Полиция департаментінің, прокуратура және тағы басқа күш құрылымдарының тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылды», - деп атап өтті Жамбыл облыстық Полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, полиция қызметкерлерінің кәсіби іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталды.

«Іс бойынша айғақ заттар алынды. Ол - 37 жастағы Қаратау қаласының тұрғыны. Отбасылық жағдайы - үйленген және бұрын Қылмыстық кодекстің 175-бабы 2-бөлігімен (ұрлық) сотты болған. Аталған дерек бойынша бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген таратылған ақпаратта.

2010 жылы туған қыз баланың жоғалып кеткені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ол өнер мектебіндегі сабағына кетіп, үйіне қайта оралмаған. Бір күннен кейін Аруайды іздестіру барысында Қаратау қаласының шеткі ауданынан белгісіз баланың өртенген мәйіті табылды.

«Киімнің кесектерінен қыздың анасы оның Аруайға тиесілі екенін болжап отыр», - деген болатын облыстық Полиция департаментінен.

Соңғы жаңалықтар