Жамбыл облысында 74 мектеп директоры кең кабинетін босатты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Артық алаңдарды тиімді пайдалану» бойынша 440 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде кабинетінің аумағы 35-50 шаршы метр 74 мектеп директорының кабинетінің аумағы қысқартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында «Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Қайрат Меклисов баяндады. Оның айтуынша, босатылған 866 шаршы метр алаңдарға робототехника, сурет және ағылшын тілі сыныптары ашылған. Сондай-ақ, 17 мемлекеттік орган басшыларының демалыс бөлмелері анықталып, өзге қажетті мақсаттарға пайдалануға берілген. Ал, 5 мемлекеттік орган коммуналдық меншіктегі ғимаратқа орналастырылып, нәтижесінде 16 миллион теңге қаражат үнемделіпті.

Басқосу барысында «Жамбыл - адалдық алаңы» жобасының тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру блоктары бойынша атқарылған шаралар нәтижесі баяндалды.

«Жоба аясында бүгінге дейін өңірде 174 «Адалдық дүкені» ашылса, оның 2-і жоғарғы оқу орнында, 7-і колледж және 160-ы мектептерде орналасқан. Жобалық кеңсенің «Сенім жәшігі» акциясы аясында өңірдегі 3 жоғары оқу орны мен 19 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінің 3759 студенті арнайы сауалнамаға қатысыпты. Сауалнама қорытындысы бойынша 125 студент оқытушылардың атын атай отырып, олардың 2000-7000 теңге көлемінде сыйлық алатындығын жазып көрсеткен»,- деді Қайрат Меклисов.

Бұл ғана емес, жобалық кеңсенің қатысуымен денсаулық сақтау саласында анықтамалар сату, жүргізуші куәлігін беру, жол белгілерін жою, техникалық байқау пунктеріндегі бірқатар заң бұзушылықтар да анықталған.

Өңір басшысы Асқар Мырзахметов өз сөзінде «Жамбыл - адалдық алаңы» жобасының маңыздылығын атап өтіп, жоба жұмысын одан әрі күшейтуді тапсырды.

«Жоба жұмысы нәтижесінде анықталған кемшіліктер мен заң бұзушылықтар туралы ай сайын тиісті облыс әкімінің орынбасары мен қатысты басқарма басшыларына мәлімет беріліп, жауапты тұлғалар өз деңгейінде шешім қабылдауы керек»,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жобаның жұмысы тоқсан сайын облыс әкімі деңгейінде қаралып, жоспары сараланып отыратын болды.

Соңғы жаңалықтар