Жамбыл облысында 700 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Биыл Жамбыл облысында 777,3 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысы мен цифрландыру басқармалары басшыларының есептерін тыңдау барысында айтылды.

Онда облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов «Биыл жол саласын дамытуға 24,7 миллиард теңге бөлінді. 3,3 шақырымға жол салу, 11,4 шақырым жолды реконструкциялау, 777,3 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр», – деді.

Нұржан Нұржігітов басқарма алдына бірқатар міндет қоя отырып, жол жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуді, ауданаралық бағыттарды ашуды тапсырды.

Жиында сондай-ақ, кондоминиум нысанын тіркеу жұмыстары туралы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев тұрғын үй қорын жаңғырту аясында 2011-2022 жылдар аралығында құны 16,8 миллиард теңгені құрайтын 557 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Биыл облыс орталығында жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеге 44 тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы көлікті онлайн тіркеу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұрғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар