Жамбыл облысында 650-ге жуық бизнес нысаны жұмысын қайта бастады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында карантиндік режимді жеңілдетудің екінші кезеңі бойынша 650-ге жуық бизнес нысаны жұмысын қайта бастайды. Бұл туралы өңір әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен өңірлік жедел штабтың кезекті отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдын ала мәлімет бойынша, 11 мамырдан бастап Жамбыл облысында шамамен 650 бизнес нысаны ашылды, онда 6500-ден астам адам жұмыс істейді.

«Ең бастысы – адамдардың денсаулығы. Карантиндік режимді жеңілдету санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына, коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі қауіпсіздік шараларының сапасына еш әсер етпеуі керек», - деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, ол пандемиядан алған сабақтарды алдағы уақытта да кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Бұл, ең алдымен, барлық сала бойынша цифрлық технологияларды дамытуға, онлайн режимінде жұмыс істеуге, қашықтан оқытуға, өнімдерді жеткізуге және тағы басқаларға қатысты екендігі айтылды.

«Кәсіпорындар өз жұмысын кезең-кезеңімен бастайды, ал басты міндет – әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуінің алдын алу. Президенттің экономиканың жаңа құрылымы туралы тапсырмасына сәйкес энергияның балама көздерін енгізу қарқынын жеделдетіп, инвесторлардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Әрбір нысанның жеке даму жоспары болуы керек. «Атамекен» палатасымен, тиісті министрліктермен тығыз байланыста жұмыс жасап, аймақтық экономиканы дамыту үшін жаңа жобаларды қолға алған абзал», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар