Жамбыл облысында 60 мың тоннадан астам азық-түлік қоры бар

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының азық-түлік нарығындағы баға тұрақты. Қоймалардағы 63 мың тонна азық-түлік қоры өңірдің ай сайынғы қажеттілігін 137,5 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда қоймаларда сақталған ет және сүт өнімдері облыстың қажеттілігін 39 күнге, көкөніс – 33 күнге, күріш және қарақұмық – 25 күнге, ұн – 78 күнге, макарон – 28 күнге, қант – 50 күнге, өсімдік майы – 38 күнге, басқа да тауарлар қоры бір айдан астам уақыт бойы өтеуге жеткілікті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Өңірдің өз қорларын үнемі жаңартып отыру үшін әлеуеті жеткілікті. Мысалы, күн сайын өндірілетін ет (сиыр еті – 173%, қой еті – 182%, тауық еті – 122), сүт, нан көлемі қайта арта түскен. Дегенмен, маусымаралық кезеңге байланысты картоп, қырыққабат және қант бағаларының шамалы өсуі байқалады. Жергілікті өндіріс орындары өңірдің ұнға деген сұранысты 71 пайызға, макарон бойынша 68 пайызға, жұмыртқаға деген сұранысты 84 пайызға қанағаттандыра алады», - делінген хабарламада.

Сұраныс артқан жағдайда облыс аумағындағы үш жаңа құс фабрикасы мен үш макарон фабрикасының өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бар екендігі айтылған.

Айта кетейік, бүгінде өңірде сыйымдылығы 313,2 мың тонна болатын 218 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді десек, оның ішінде 160 көкөніс сақтау қоймасы арнайы тоңазытқышпен жабдықталған.

Сондай-ақ, облыс халқының ай сайынғы қажеттілігі мен тұрақтандыру қорының қоймаларындағы азық-түлік қорына жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 1069 тонна азық-түлік тауарын қосымша сатып алу қажеттілігі анықталды. Оның ішінде 319 тонна өсімдік майы, 67 тонна макарон өнімі, 32 тонна тұз, 115 тонна қарақұмық, 106 тонна күріш, 430 тонна тауық етін сатып алу қажеттігі белгілі болған. Ол үшін 220 миллион теңге керек.

Барлық аудандарда облыс әкімінің орынбасарлары басқаратын мобильдік топтар жұмыс істейді. Ол топтар сауда нүктелеріндегі және жергілікті азық-түлік қоймаларындағы бағаларды мониторингілеумен айналысады. Бұл орайда облыстың бес ауданын аралап, зерделеу барысы ондағы азық-түлік нарығындағы жағдайдың тұрақты екендігін көрсетті. Дегенмен, белгілі бір азық-түлік түрлерінің бағасында өсім байқалған. Осындай жағдайлар алдағы уақытта орын алмас үшін алдын алу шаралары қабылданған.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша сауда нүктелерімен профилактикалық жұмыстар жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар