Жамбыл облысында 593 700 адамға коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспарланған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы бойынша 18-64 жастағы 659 722 тұрғын бар. Олардың ішінде денсаулық жағдайы вакцина салуға келмейтін және екпе жасатудан бас тартатындар бар. Осыларды ескере келгенде өңірде 593 700 адамға вакцина салу көзделіп отыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында алаңында Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәлімдеді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпан айында бірінші партиямен ресейлік «Спутник V» вакцинасымен 5000 тұрғынды, наурыз-маусым айлары аралығында 95 000 тұрғынды вакциналау жоспарланып отыр. Қалған 493 700 облыс тұрғынына отандық вакцина егіледі. Вакцинаны енгізу үшін көлемі 0,5 мл болатын, өздігінен бекітілетін шприцтердің 1 187 400 данасы қажет», — деді басқарма басшысы.

Спикердің айтуынша, биыл Жамбыл тұрғындарын вакциналаудан өткізу үшін, қажетті көлемде дәрі мен шприцтерді алуға 2,5 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалады деп жоспарлануда.

«Облыстың медицина ұйымдарының қолданыстағы егу пункттерінің базасында КВИ-ға қарсы вакциналау жүргізу үшін басқармамен жергілікті бюджет қаражаты есебінен көлемі 180 литрлік (18-40 градус) 20 дана мұздатқыш камера мен 35 термоконтейнер сатып алуға өтінім берілді. Одан бөлек 40 медицина қызметкері оқудан өтті»,-деді Ә. Қалиев.

Айта кетейік, бүгінде облыс аумағында жалпы COVID-19 вирусын жұқтырудың 5494 жағдайы тіркелді. Пневмониямен 946 адам ауырған. Тіркелген жағдайлардың ішінде 2 581 науқас симптоммен, 2 913 науқас симптомсыз. Сауығып шыққан адамдар саны 5 100-ден асты. КВИ-дан 63 адам көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар