Жамбыл облысында 484 учаскелік сайлау комиссиясы тіркелген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында барлығы 484 учаскелік сайлау комиссиясы тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің айтып берді.

Оның айтуынша, өңірдегі сайлау комиссиялары алдағы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына арналған дайындық шараларын белсенді түрде жүргізуде. Биыл өңірде 23 жаңа учаске пайда болып, олардың жалпы саны 484-ке жеткен. Науқан кезінде учаскелерде сайлау комиссияларының 3 666 мүшесі жұмыс істемек.

«Қазіргі таңда сайлауға дайындық барысы қарқынды жүріп жатыр. Сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту басталды, оған облыстық сайлау комиссиясы мен мемлекеттік қызмет істері агенттігінің біліктілігін арттыру академиясы атсалысуда. Бұл сайлаудың барлық кезеңдерінде заңдылықты сақтау үшін қажет. Азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын іске асыру үшін барлық жағдай жасау - маңызды», - дейді Серғали Айдапкелов.

Айта кетейік, жуырда Тараз қаласында барлық сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау науқанына дайындау бойынша арнайы семинар-тренинг өтіп, онда қатысушыларға сайлау үдерісіне қатысты заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы айтылды.

«Маңызды саяси науқанды табысты өткізу үшін барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту жүргізіледі. Оқыту іс-шаралары үш кезеңде өтеді. Сондай-ақ, аймақтың барлық учаскелік комиссияларының 968 төрағасы мен хатшысы үшін көшпелі семинар - кеңестер ұйымдастырылады», - дейді Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов.

Соңғы жаңалықтар