Жамбыл облысында 414 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың жер заңнамасының сақталуына ерекше көңіл бөлуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық прокуратурасының мәліметінше, жергілікті атқарушы органның қызметіне жүргізілген талдау жерлерді тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында құзырлы органдармен жүргізілетін жұмыстың тиімділігі жеткіліксіз екендігін көрсеткен.

Атап айтқанда, облыс бойынша көлемі 304 мың гектар болатын пайдаланусыз жатқан 1,6 мыңнан астам жер телімі анықталған. Оның 125 гектарға жуығы коммерциялық мақсаттағы жер учаскесі. Пайдаланусыз жатқан жер аумақтарының кадастрлық құны 3,4 миллиард теңгені құрайды.

«Прокуратураның араласуының нәтижесінде мемлекеттік жер қорына көлемі 34,8 гектардан астам 414 жер телімі қайтарылды. Қазіргі уақытта көлемі 205 мың гектардан астам 872 жер телімі игерілді. Бұл бағытта барлығы 32 заң бұзушылық анықталып, 24 ұсыным енгізілді. Сондай-ақ, 24 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке және 34 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-делінген ведомство мәліметінде.

Айта кетсек, жер телімдеріне қатысты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны және қызметтік жалғандық жасағаны үшін Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған болатын.

Соңғы жаңалықтар