Жамбыл облысында 4 айда 528 келі есірткі заттары тәркіленді

Фото:
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 4 ай ішінде 528 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп, заңсыз айналымнан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған айлық басталды. Осыған орай, Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденовтің төрағалығымен Мемлекеттік органдардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысы онлайн түрде өтті. Онда Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев жағдайды баяндады.

«Биыл 4 ай ішінде облыста есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 193 дерегі анықталды, оның ішінде 76-сы қылмыс және 117-сі қылмыстық теріс қылық. Заңсыз айналымнан 528 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оқу орындарында, колледждерде және жоғары оқу орындарында 3 мыңнан астам студент қатысқан барлығы 250 профилактикалық іс-шара өткізілді», - деді. Сонымен қатар, Әлім Бажықбаев аталған айлық шеңберінде мүдделі тараптармен бірлесіп, іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті.

Айта кетсек, бұған дейін Астана тұрғыны таксимен 5 келіге жуық марихуана әкеле жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар