Жамбыл облысында 4 ауыл жойылып, тағы төртеуі біріктіріледі

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында халқы түгелдей көшіп кеткен 4 елді мекен жойылады. Тағы 4 елді мекен жақын орналасқан ауылдарға қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде Жамбыл облысы әкімдігінің Сәулет және құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Досанов айтып берді.

«Халқының саны 50-ге жуық 8 елді мекен бойынша оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, Мойынқұм ауданында 4 елді мекен халықтың тұрмауына байланысты таратылады. Ал Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарындағы 4 елді мекен жақын орналасқан ауылдарға қосылатын болады», - дейді Д.Досанов.

Бүгінде Мойынқұм ауданындағы төрт елді мекенді есептен шығару туралы аудан әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың бірлескен шешімі шығып, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімдері қабылданып үлгерілген. Қазір Статистика департаментінің КАТО жүйесі тізімінен алу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Сарысу ауданындағы Талас ауылын Өндіріс ауылының құрамына қосу, Жарқұдық ауылын Жаңаталап ауылының құрамына енгізу туралы және Т.Рысқұлов ауданындағы Разьезд-98 ауылын Ақбұлақ ауылдық округі Р.Сабденов ауылының құрамына қосу, Шу ауданындағы Бөлтірік ауылын Ақтасты елді мекеніне біріктіру туралы облыс әкімдігінің қаулы жобасы әзірленіп, «Ашық Үкімет порталына» қоғамдық талқылауға орналастырылған.

Соңғы жаңалықтар