Жамбыл облысында 27 жолаушысы бар автобус аударылып қалды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының Қордай ауданындағы трасса бойында жол апаты болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

1 шілде күні Жамбыл облысындағы трассаның «Алматы-Шымкент» бөлігінде халықаралық бағыттағы жолаушылар автобусы жол-көлік оқиғасына ұшырады. Көліктің салонында 27 жолаушы болған.

Жамбыл облыстық ІІД өкілдерінің алдын ала мәліметтері бойынша, автобус дұрыс бұрылмай, қисайып барып, бір шетіне жатып қалған. Апаттың салдарынан 27 жастағы қыз мерт болып, 6 жолаушы ауыр жарақат алды.

Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне жол апатынан зардап шеккендерге қатысты берген хабарламасына сәйкес, 1 шілде күні Қордай аудандық орталық ауруханасына 26 адам денсаулығына шағым айтып келген. Бір адам жедел жәрдем көлігі жеткенше, жантәсілім еткен. 23 адам медициналық көмек көрсетілген соң тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне қайтарылған.

«Бір отбасының 3 мүшесі (ата-анасы мен қызы) Қордай аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылды. Бүгінгі таңда олардың жағдайы тұрақты, орташа деңгейде. Енді олар ем алуды Шымкент қаласында жалғастырады»,-деп нақтылады облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Олардың мәліметтерінше, жол апаты болған жерде 4 жедел медициналық жәрдем қызметі жұмыс істеген.

Соңғы жаңалықтар