Жамбыл облысында 27 қойма салынады

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 2025 жылға дейін сыйымдылығы 61,3 мың тоннаны құрайтын 27 қойма салып, іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша биыл су үнемдеу технологияларын енгізуге, сүт өнімдерін өңдеуге және көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары, сүт-тауарлы фермалары, құс және балық шаруашылығын дамытуға бағытталған 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 225 жаңа жұмыс орны құрылады.

Осы жобалар аясында 2 көкөніс және 1 жеміс-жидек сақтайтын қойма салу жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, «Азия сад» ЖШС – 5,6 мың тонна, «Матышев» ЖШС – 20 мың тонна, «ОРЦ Тараз» 2-кезең – 15 мың тонна.

Жалпы, 2025 жылға дейін сыйымдылығы 61,3 мың тоннаны құрайтын 27 қойманы іске қосу көзделіп отыр», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыстағы қоймаларда 13,3 мың тоннаға жуық өнім сақталған. Оның ішінде 72 тонна картоп, 2900 тонна сәбіз, 40 тоннаға жуық пияз, 10,1 мың тонна басқа да өнімдер бар.

Бұған дейін Жамбыл облысы мал саны бойынша республикада екінші орында тұрғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар