Жамбыл облысында 240 мың адам медсақтандыруға жарна аударып отырған жоқ

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында 1,1 млн тұрғынның 896 998-і немесе 79,1 пайызы сақтандырылған. Қалған 239 224 адам сақтандырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол туралы журналистермен өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Мавлюда Боқаева баяндады.

Спикердің айтуынша, 11 айда қорға елімізде 222,5 млрд теңгеге жуық қаржы жиналса, Жамбыл облысында 7,4 млрд теңгеден астам жарна аударылған.

«Сақтандырылмағандарды құрылымына қарай бөлетін болсақ, 118 мыңнан астамы – БЖТ төлеушілер. Олар төтенше жағдай кезінде бір реттік жәрдемақы алу үшін БЖТ төлеп, кейін тоқтатып тастаған болуы мүмкін. Тағы 67 825 адамның әлеуметтік статусы белгісіз, яғни өткен 11 айда олардың атына бір де бір рет төлем түспеген. Сақтандырылмағандардың 43 103 – жұмыскерлер. Кейінгі айларда әртүрлі себеппен олардың атына сақтандыру төлемін аудару тоқтап қалған. Бұл санаттың ішінде жыл соңына дейін салықтан босатылған шағын және орта бизнес нысандарының қызметкерлері де болуы мүмкін», - дейді Мавлюда Боқаева.

Аймақта кейбір кәсіпкерлік нысандары жыл соңына дейін сақтандыру төлемінен босатылған.

Жалпы, Жамбыл облысында 5 387 астам шағын және орта бизнес нысанына жеңілдік беріліпті.

Оның 4 792-ы немесе 89 пайызы жұмысшыларын сақтандырған болса, қалған 595-тен астам кәсіпорын қызметкерлері сақтандыру жүйесінен тыс қалған.


Соңғы жаңалықтар