Жамбыл облысында 22 гектар аумақта жел электрстанциясы салынуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Талас ауданында 22 гектар аумақта жел электр станциясы салынуда. Ауданға арнайы жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев станцияның құрылысымен танысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімі Талас ауданындағы «Wind Power City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр станциясына да барды. Осы жоба аясында 1,8 миллиард теңгенің инвестициялары тартылды. Қазірдің өзінде мұнда жалпы қуаттылығы сағатына 9 МВт құрайтын жеті жел генераторы салынды. Инвесторлардың айтуынша, станция тамыздың басында жұмыс істей бастайды. Жобаның екінші кезеңінде жел қозғалтқыштарының саны тоғызға артады.

«Жамбыл облысы баламалы энергетика саласында айтарлықтай әлеуетке ие. Аймақтың климаттық жағдайларын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Жаңартылатын энергия көздері жобаларының көмегімен көптеген елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиямызды сақтауға болады», – деді облыс әкімі.

Бұдан соң аймақ басшысы аудандағы бірқатар нысандарға ат басын бұрып, әлеуметтік маңызы бар жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын тексерді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Талас ауданында 77 жобаны жүзеге асыруға 5,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Бердібек Сапарбаев орталықтандырылған су құбырының құрылысы аяқталуға таяу қалған Майтөбе ауылына барды. Мердігер ұйым «Пырақ-Құрылыс» ЖШС нысанды маусым айының соңында тапсырмақ. Нәтижесінде елді мекендегі барлық 328 аула таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Сондай-ақ, өңір басшысы ауылдық дәрігерлік амбулаторияны аралап көрді. Ол медициналық қызметкерлер мен күндізгі стационарда ем алып жатқан науқастарды әңгімеге тартты.

Одан әрі облыс әкімі шалғай орналасқан Қараой ауылына барды. Жуырда ғана мұндағы 1987 жылы салынған ауылдық клубта күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мердігер «Умара» ЖШС нысанның шатырын, еденін ауыстыруды жоспарлаған. Облыс әкімі қабырғаларда пайда болған жарықтарға назар аударып, ғимараттың апатты жағдайда тұрғанына және қалпына келтірілмей отырғандығына алаңдаушылық білдірді. Бердібек Сапарбаев қосымша қаражат көздерін қарастырып, ескі ғимаратты бұзып, орнына жаңа ауылдық клубын салуды тапсырды.

Биыл Талас ауданында жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын 52,3 шақырым жол жөнделеді. Ал ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге 1,1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ауыз су жүйесі биыл Қаратау қаласы мен Майтөбе ауылына жүргізілмек. Ал Бостандық және Тамабек ауылдарындағы ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, биыл Талас ауданының елді мекендерінде екі мектепке күрделі жөндеу, ал 11 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Ал Қаратауда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 55 пәтерлік тұрғын үй қайта жаңартылуда. Кезекте тұрған көпбалалы отбасылар үшін екі тұрғын үй салынуда. Құрылыс нысандарын аралап, пәтерлерге кіріп көрген Бердібек Сапарбаев барлық қажетті инфрақұрылымды уақытылы жүргізуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар