Жамбыл облысында 170 мың гектардан астам жер қайта айналымға қосылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жыл басынан бері өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 170 мың гектардан астам жер қайта айналымға қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайта айналымға қосылған жердің басым бөлігі жайылым және шабындық жерлері. Дегенмен, оның 7 мың гектары босалқы ауыл шаруашылығы мақсатындағы, 7 мың гектары айналымнан шығып қалған егістік жерлер болса, 6639 гектары суармалы егістік. Бұл туралы облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының тоғыз айлық есептік жиынында айтылды. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовке аталған басқарма басшысы Бақтияр Көпбосынов есепті мерзімде атқарылған жұмыс туралы баяндап, саладағы өзекті мәселелерге де тоқталып өтті.

Жер қатынастары саласы бойынша жыл басында жоғары мемлекеттік органдар және облыс әкімдігі тарапынан берілген тапсырмаларды орындауға бағытталған 6 индикаторлық көрсеткіштер белгіленсе, бұл көрсеткіштердің деніне қол жеткізілген. Аталмыш басқарма басшысының айтуынша егістік жерлердің игерілуін космос арқылы мониторингілеу бағытында «Қазғарыш» мекемесімен келісім шарт барлық аудандарда ұзартылып, қосымша 11 маман арнайы курстан өткізілген.

Бұл орайда ағымдағы жылы космостық түсірілімдерді талдау нәтижесі облыс аудандарында 35 мың га егістік жерлердің игерілмей қалғандығын көрсетіп берген. Ал, жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше ол көрсеткіш бар-жоғы 9 мың гектерды ғана құраған.

«Биыл жеті мың гектарға жуық суармалы жер егістік каналдарды жөндеу арқылы айналымға қосылды. Бұл орайда былтыр өңірімізде құрылған механикалық жасақтың еңбегін айрықша атап көрсету керек. Өткен жылы аталмыш жасақтың көмегімен Байзақ, Жамбыл аудандарында 3 су қоймасы мен бөгеттері жөнделіп, Жамбыл ауданында ұзындығы 1,5 шақырым коллекторлы-дренажды жүйе қалпына келтірілсе, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында ұзындығы 26,8 шақырымды құрайтын каналдар тазаланған болатын. Нәтижесінде 1404 гектар жер сумен қамтылған. Ал, үстіміздегі жылдың тоғыз айында Меркі, Талас аудандарында 2 су қоймасы мен бөгеттері жөнделіп Жамбыл, Мойынқұм аудандарында ұзындығы 65 шақырымды құрайтын каналдар тазаланып, бес мың гектарға жуық жер суармалы алқапқа айналған»,-деді Бақтияр Көпбосынов.

Аймақ басшысы айналымнан шығып қалған ауыл шаруашылық жерлерді қайта ұқсатудың маңыздылығына айрықша тоқталып, оның нақты есебі, соған орай жоспар-жүйесі болу керектігін баса айтып, ол жерлерді игерудегі тиімділікті арттыруға барынша ден қою керектігін ескертті. Асқар Исабекұлы бұл өз кезегінде облыс экономикасын нығайтуға айрықша ықпал ететінін жеткізіп, осы орайда атқарылатын жұмыстардың жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырып, оған тиісті басқармалармен қатар аудан, ауыл әкімдіктерінің де барынша атсалысуын міндеттеді. Алдағы уақытта осы тұрғыда арнайы алқалы жиын өткізу жоспарға қойылды.

Соңғы жаңалықтар