Жамбыл облысында 167 мыңнан астам ПТР тестілеу жасалған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында коронавирусқа қатысты өңірдегі ахуал сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада Жамбыл облысында коронавирус инфекциясының 38 жағдайы тіркелді. Науқастардың басым бөлігі - Тараз және Шу аудандарында.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, облыста коронавирус жағдайы тұрақты, дегенмен бейқам отыруға болмайды. Өйткені инфекцияның жаңа жағдайлары әлі тіркеліп жатыр.

«16 қарашадағы ахуал бойынша коронавирустың - 4264, пневмонияның - 152 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте коронавирустың 6 жаңа жағдайы анықталып, тәуліктік өсім 0,1 пайызды құрады. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында 57 адам емделуде десек, 37 адам карантинге оқшауланған. 339 жамбылдық үй карантиніне алынған»,-деді басқарма басшысы.

Әсет Қалиев 29 қаңтар мен 15 қараша аралығында облыста 167 739 ПТР сынағы жүргізілгенін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында 2530 төсек-орын дайындалған. Қосымша тағы 2000 төсек әзірленіп жатыр. Оның 200-і - реанимациялық төсек.

Облыс әкімі коронавирустың екінші толқыны нақты қалай өрбитіні белгісіз екендігін алға тартты. Сондықтан аймақ басшысы дәрігерлер барлық жағдайларға дайын болу керек екенін баса айтты.

Санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейла Муликова аймақтағы коронавирусқа қатысты жағдайға алаңдаушылық білдірді.

«Біз қазір «жасыл» аймақта тұрмыз, алайда Таразда соңғы аптада коронавирусты жұқтырудың 20 жағдайы, Шу ауданында - сегіз, басқа аудандарда да бір - екі жағдайдан тіркелген. Әрине, біздің мамандар кәсіби түрде жұмыс істейді. Байланыста болған тұлғаларды оқшаулап, ошақтарды анықтап және дезинфекциялап отырады. Қазір ешқандай жағдайда да қырағылықты жоғалтпау керек», - деді ол.

Аймақ басшысы жолдаған сауалға Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев пен Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров жауап берді. Олар құрылған мобильді топтардың белсенді жұмыс істеп жатқанына, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілгеніне сендірді.

«Адам көп шоғырланған жерлерде мобильді топтардың жұмысын күшейткен дұрыс. Тексеру нәтижесі мардымсыз. Шара қолдану қажет. COVID-19-ға қарсы күресте барлық ресурстарды жұмылдыру маңызды. Әскери дәрігерлерді де тартуға болады. Біздің басты міндетіміз – азаматтарымыздың денсаулығын сақтау екендігін ұмытпағайсыздар», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі өзінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке облысты қажетті дәрі-дәрмекпен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін арнайы бақылауда ұстауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар