Жамбыл облысында 15 жасар жасөспірім отбасын құрды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәмелет жасына толмаған қос жасөспірімнің үйленуі мәселесін арнайы комиссия қарап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы Сарысу аудандық бөлім бөліміне сілтеме жасап.

«2022 жылғы 5 шілде күні Б.Адамбаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушылары А.Шамбылбек пен Р.Жұмағұл ата-аналарының келісіміне сәйкес отбасын құрған. А.Шамбылбек, Р.Жұмағұл биыл 16 маусымда негізгі мектепті бітіргендігі туралы аттесататтарын алып, мектеп есебінен шығарылған. Ата-аналарының өтініші бойынша Саудакент ауылындағы №11 көпсалалы колледжіне оқуға түсуге құжаттарын тапсырған», - делінген ресми ақпаратта.

Болған жайтқа байланысты кеше Сарысу ауданы білім бөлімінің бұйрығымен арнайы комиссия құрылды.

«7 шілде күні Б.Адамбаев орта мектебінің педагог-психолог маманы, директордың тәрбие ісі, құқық жөніндегі орынбасары қос оқушының сынып жетекшісінің құжаттарына зерделеу жүргізді. Нәтижесінде материал кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия қарауына ұсынылды», - дейді ведомстводан.

Сондай-ақ, білім бөлімі аталған мектепте баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицидтің көбею мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасының барын айтып отыр.

«Аталған оқушылар мектепішілік есепте жоқ. Мектепте оқып жүргенде олардың бойынан теріс іс-әрекеттер байқалмаған. Ақпәтес Шамбылбек наурыз айында Б.Адамбаев атындағы орта мектебіне Алматы қаласынан отбасы жағдайына байланысты ауысып келген. Мектептің педагог-психологтары тарапынан А.Шамбылбекке мектепке ауысып келуіне байланысты ортаға бейімделуін анықтау және бақылау мақсатында жеке жұмыстар жүргізілген», - деп түсіндірді.

Одан бөлек, кәмелет жасына толмағандардың үйленуі мәселесі Сарысу аудан әкімі жанындағы комиссияда қаралған. Қазіргі уақытта комиссия отырысының шешімі күтілуде.

Айта кетсек, Жамбыл облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше қос жасөспірім қазір 15 жаста.


Соңғы жаңалықтар