Жамбыл облысында 15 білім беру ұйымының лицензиясы уақытша тоқтатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 15 білім беру ұйымының лицензиясы 6 айға тоқтатылды. Бұл туралы дүйсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақтың Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева мәлімдеді. Сондай-ақ ол білім саласындағы заң талаптарының орындалуы жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Jambyl» телеарнасына сілтеме жасап.

Департамент өкілдері білім беру ұйымдарында еліміз заңнамаларының, нормативтік құқықтық актілері мен жалпыға міндетті стандарттардың орындалуына тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, 42 білім беру ұйымы ішінара тексеріліп, анықталған бұзушылықтар бойынша 15 білім беру ұйымының лицензиясы 6 айға дейін тоқтатылды.

Сондай-ақ атап өтілгендей, білім беру қызметін лицензиялау бойынша «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесі арқылы барлығы 387 өтініш түскен. Оларды қарау кезінде бір өтініш негізінде бастауыш мектепке бас лицензия, 42-сі бойынша лицензияға қосымша берілген. Қалған 191 өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.

«Айта кету керек, бүгінде Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес облыста құрылған ата-аналар қауымдастығының чатына 1073 ата-ана қосылған. Департамент осы чат және басқа да әлеуметтік желі парақшалары арқылы білім саласындағы өзгерістер мен жаңалықтар туралы ақпараттар жариялап, түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады», - деді Жамбыл облыстық Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева.

Соңғы жаңалықтар