Жамбыл облысында 145,9 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында 145,9 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірде жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету бағытындағы жұмыстар туралы баяндаған Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың баяндамасынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Басқарма басшысының айтуынша, бірінші бағыт елді мекендерден тыс орналасқан мал жайылатын жерлерді ауылдық округтерге бекітумен байланысты.

Жыл соңына дейін ауылдық округтерге 106,9 мың гектар жер беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда тек Жамбыл ауданында 706 гектар жер берілді.

Екінші бағыт ауылдардан бес шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Жоспар бойынша – 165,6 мың гектар болса, 6 айдың қорытындысымен - 5,0 мың гектар қайтарылды.

Үшінші бағыт - орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды пайдалану. Әзірге тек 132 адам 112,1 мың гектар жерді иеленді.

Төртінші бағыт - жер пайдаланушылармен меморандумға қол қою. Соған сәйкес, олар мал жаюға кедергі жасамауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда 2071 тұрғынмен 487 мың гектар жерді пайдалану туралы келісімге қол жеткізілді.

«Бесінші бағыт пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару. Жалпы, 145,9 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда, 6 ай ішінде 52,6 мың гектар қайтарылды», - деді Б.Көпбосынов.


Соңғы жаңалықтар