Жамбыл облысында 1300 шақырымнан астам жол жөнделеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жолдарды жөндеу және жылыту маусымының қорытындысына қатысты мәселелер сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы экономиканы дамыту үшін жол желісінің маңыздылығын айрықша атап өтіп, ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 30 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылғанын жеткізді.

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, 122 жоба жергілікті және республикалық бюджеттен қаржыландырылуда. Сондай-ақ, 84 жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы, 845 жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатыны жоспарланған және 96 жоба Қордай ауданының көшелерін орташа жөндеуге бағытталған. 74 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталса, 22 нысанда өндірістік жұмыстар басталған.

Бөлінген қаржы есебінен 1334,6 км жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, 1310,5 км жол орташа жөндеуден өтеді десек, оның ішінде 180,5 км облыстық, 136,5 км аудандық маңызы бар автожолдар және 1017 км елді мекендердің көшелері. Сондай-ақ, 6,1 км жолды қайта жаңғырту және 18 км жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердегі көшелерді салу көзделген.

«Барлық аудан әкімдері өз аумағында орналасқан асфальтбетонды зауыттармен келісім-шарт жасасып, жөндеуді қажет ететін жолдар тізімін, қажетті материалдардың көлемін жасауы қажет. Жол активтерінің сапа орталығы, техникалық қадағалау органдары өздеріне жүктелген функцияларды тиісінше орындап отырған жоқ. Сапасыз асфальттің салдарынан жолдардың жағдайы көңіл көңшітпейді. Сондай-ақ, көлік инспекциясы үлкен жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейтуі керек», - деп облыс әкімі тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Бердібек Сапарбаев қоғамдық көліктерді газға көшіру жөніндегі жұмыстардың әлсіздігін алға тартып, ол Тараз қаласының экологиясына және оның тұрғындарының денсаулығына оң әсер тигізетінін баса айтты. Сонымен қатар, электрондық билеттендіруді енгізу шараларын жандандыру талап етілді.


Соңғы жаңалықтар