Жамбыл облысында 1 млрд теңгеге жемазық өндіру кешені салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында автоматтандырылған жемазық өндіру кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Автоматтандырылған өндіріс кешені жылына 36 мың тонна жемазық өндіруге қуатты. Аталған зауыт құрылысына 1 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, 23 жұмыс орны ашылды. Зауытта қытай бұршағы мен арпадан жасалған жаңа жемазық шығарылатын болады.

Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты - ұлттық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға зор үлесін қосып отыр.

Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында Жамбыл облысында жалпы құны 558 миллиард 600 миллион теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Биылғы жылы 19 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасын іске қосып, онда 1500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, аймақ басшысы автоматтандырылған жемазық өндіру зауытын ашудың облысқа тигізер пайдасына да тоқталып өтті.
«Бұл зауыт, өз кезегінде, шаруаларға өсімдік өнімдерін өткеруге кең мүмкіндік бермек.

Кәсіпорынның бүгінде шаруашылықтарда бар 110 мың бас жылқы, 356 мың бас ірі қара мал, 3 миллионға жуық қой-ешкі, 1,2 миллион құстың малазығы қорына қомақты үлес қосатыны анық. 

Осылайша, жаңа кәсіпорын облыс экономикасының тұрақты дамуына оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Ал мемлекет тарапынан өңір кәсіпкерлігінің, оның ішінде ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы үшін барлық жағдай жасалатын болады», - деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Еске сала кетейік, «GOOD LOOK сауда үйі» ЖШС-нің салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орайластырылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар