Жамбыл облысынан ақпараттық пойыз аудандарға аттанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана.Тәуелсіздік.Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойыз «Тараз» теміржол вокзалынан Жамбыл облысының аудандарына жол тартты, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ақпараттық пойыз салтанатты түрде «Жамбыл-Шу-Қашқантеңіз» және «Жамбыл-Жаңатас» бағыттары бойынша жөнелтіліп, 25 станцияға аялдайтын болады.

Ақпараттық пойыздың жөнелтілу салтанатында сөз алған аймақ басшысы жұртшылықты Астана қаласының 20 жылдық төл мерекесі және Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Жамбыл облысында елорданың 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар бүгін ресми түрде бастау алғандығын жеткізді. Сонымен қатар, ақпараттық пойыз мүшелеріне сәттілік тіледі.

«Елбасының Жарлығымен 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмола қаласына ауыстыру жөнінде шешім қабылданған болатын. Осыған орай алдымыздағы жылы еліміздің бас қаласы - Астананың 20 жылдық төл мерекесі жалпыхалықтық деңгейде өткізілмек. Тәуелсіздік күні қарсаңында және атаулы мерекеге орай «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойыз аудандарға жол тартқалы отыр. Бұл бірегей шараны «Мәңгілік Ел» табалдырығын аттаған еңселі Елордамыз - Астана қаласына көрсетілген құрметтің бірі деп білемін. Өйткені, Астана - ХХІ ғасырдағы әлем елдері арасында бой көтерген жалғыз елорда. Ал, Тәуелсіз Қазақстан - екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз мемлекет», - деді Кәрім Көкірекбаев.

Аталған шараның мақсаты - Астананың 20 жылдық мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде өткізу,  елорданың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлі туралы, Астана - өңірлердің серпінді дамуының факторы екендігін шалғай елдімекен тұрғындарына жеткізу, сондай-ақ  атаулы мереке аясында тұрғындарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, арзандатылған бағамен ауылшаруашылық тауарларын ұсыну, мерекелік концерттік бағдарламалар қойып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болып табылады.

Айта кетерлігі, жүк вагондарына 120 тонна ауылшаруашылық тауарлары тиеліп, тұрғындарға арзандатылған бағамен (50 тонна картоп, 20 тонна пияз, 8 тонна сәбіз, 18 тонна ұн, 6 тонна күріш, 6 тонна сұйық май, 10 тонна қант, 2 тонна қара құмық) ұсынылатын болады.

Сонымен бірге ақпараттық пойыз құрамында облыс әкімдігі басқармаларының қызметкерлері, зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, дәрігерлер мен мәдениет саласының қызметкерлерінен құралған 33 адам бар.

Еске сала кетейік, ақпараттық топ мүшелері екі бағыт бойынша облыс аудандарын аралап, жергілікті тұрғындарға елімізде жүргізіліп жатқан оң істер, Астана, Тәуелсіздік және Рухани жаңғыру жайында ақпарат беретін болады.

Соңғы жаңалықтар