Жамбыл облысы: Үйге газ тарту 83 мың теңгеге дейін төмендеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында табиғи газды аулаға кіргізу құны 150 мың теңгеден 83 мың теңгеге төмендетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірдегі 377 елді мекеннің 181-і газбен қамтылған.

«Газ тартылған аймақтарда да тұрғындардың 11 пайызы немесе 88 мың адам газ торабына қосыла алмай отыр. Себебі, газ құбырын көшеден үйге кіргізу құны қымбат - 150 мың теңге. Бұл мәселені шешу үшін «Жамбыл Жылу» коммуналдық мекемесіне арнайы лицензия беріп, аулаға кіргізу жұмыстарының өзіндік құнын есептеп, бағаны 150 мың теңгеден 83 мың теңгеге төмендеттік», - деді әкім Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингінде.

Нәтижесінде биылғы желтоқсан айына дейін 53 мың адам газдандырылады.

«Қалған 35 мың халықты газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ол үшін бюджеттен тиісті қаржы қарастырылған. Ал мүлдем газдандырылмаған 173 елді мекеннің мәселесін шешу мақсатында магистралды құбыр құрылысына 43,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба дайындалып, Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берілді», - деді Асқар Мырзахметов.

Соңғы жаңалықтар