Жамбыл облысы: Тау басындағы құпияға толы Көккөл туристік орынға айнала ма

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Көккөл көлінің көргісі келетіндер аз емес. Жергілікті тұрғындар арасында «Әулие көл» атанған ерекше көл туралы түрлі аңыздар таралған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биік таудың басында орналасқан құпияға толы көл маңы әлі толық зерттелмеген, сырын ішіне бүккен тылсым мекен. Кейбіреулер мұнда айдаһар бар десе, енді бірі ол маңнан ақырған бураны көргендерін айтады.

Тау қойнауындағы құпияға толы көлдің сыртқы пішіні жүрекке ұқсайды. Айдынға ешқандай ағын су немесе өзен келіп құймайды және ағып шықпайды. Десе де, судың деңгейі қысы-жазы бір қалыпта.

«Осыдан біраз бұрын қызығушылық танытқандар екі сүңгуір азаматты осы көлге алып келіпті. Алдымен біреуі сүңгіп көлге түскен дейді. Су астында біраз болып шыққан ол мұның түбі жоқ, арғы жағы қап қараңғы деп қайта түспепті. Екінші сүңгуір он шақты метр арырақ барып малтыпты. Он минуттай уақыт өтпестен ол жерден шампанның қақпағындай болып атылып шығып, апай-топай киімдерін киер киместен қашқан көрінеді», -дейді өлкетанушы Серік Құралбаев.


Түбі жоқ түпсіз көлге кеңестік кезеңде түрлі экспедицялар ұйымдастырылып, ғалымдардың зерттеу нысанына айналғанымен, нәтиже шықпаған. Осы күнге дейін көлдің тереңдігі анықталмаған. Көлдің тағы бір қасиеті айдында бір қоқым, жапырақ жатпайды. Су бетіндегі ультродірілден суға түскен кез келген зат сыртқа шығып кетеді.

Жуырда теңіз деңгейінен 3 000 метр биіктіктегі Қарақыстақ жазығындағы көлге арнайы экспедиция ұйымдастырылған болатын. Оған табиғат жанашырлары мен жергілікті азаматтар қатысты. Экспедиция мүшелері құлама-жартасты өткелдері бар, жолы қауіпті Алатаудың бес саласын асып, діттеген жерлеріне жеткен. Олар Көккөлдің керім табиғаты мен өзіне тән ерекшелігі естен кетпестей әдемі әсер сыйлағанын айтады.


«Барып дрон ұшырмақ болдық. Алайда, көлді дронмен түсіру мүмкін болмады. Айналаның бәрін түсірген дронымыз көлдің үстіне қарай ұшпай қойды. Көлге қарай обьективті бұрғанымызбен ешқандай кадр жазылмады. Дрон программасы қатып қап, «отказ» бере береді. Неге олай болғанын өзіміз де түсінбей дал болдық», - дейді оператор Еркін Жасыбаев.

Жергілікті тұрғындар жолсыз елді мекенге қазақстандықтардан бөлек шетел азаматтарының да аз келмейтінін айтады. Көлдің тылсым қасиетін зерттеуге қызығатындар көп десек, аталмыш аймақты туристік мекенге айналдырудын тиімділігін айтпасақ та түсінікті.


Бүгінде Меркі ауданының басшылығы осыған көңіл бөліп, көлге апаратын жол барысын жөнге келтіруді ойластыруда екен. Ендеше, табиғаты көркем, құпиясы көп Көккөл маңы ағылған туристерге толатын күн де алыс емес.

Соңғы жаңалықтар