Жамбыл облысы Меркі ауданына жаңа әкім тағайындалды
2022 жылғы 16 мамыр 11:46

Жамбыл облысы Меркі ауданына жаңа әкім тағайындалды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Меркі ауданының әкімі болып Жорабек Баубеков тағайындалды,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Аймақ басшысы Меркі ауданының жоғары әлеуетін тимді пайдаланып, өңірдің экономикасын көтеруге, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша ден қою керектігін атап өтті.

Сондай-ақ, ауданның жаңа басшысына халықтың тұрмысын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.

Жорабек Нұрмергенұлы 1971 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданында туған.

1989 жылы Семей қаржы-экономикалық техникумын «мемлекеттік бюджет», Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Меркі аудандық қаржы бөлімінде аға экономист болып бастаған.

Әр жылдары Меркі аудандық қаржы бөлімінің болжау және экономикалық талдау бөлімінің аға маманы, бастығы, Меркі аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасы бастығының орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшысы қызметтерін атқарған.

2019-2020 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы басқармасының басшысы, директор орынбасары болып еңбек еткен.

2020 жылғы мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT