Жамбыл ауруханаларында дәрі-дәрмектің 3 аптаға жететін қоры қалыптасты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдарда коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырған науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектің үш апталық қоры жиналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, жұқпалы және провизорлық ауруханаларда дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар жеткілікті, атап айтсақ, антибиотиктер – 50,2 мың таблетка және 67,8 мың флакон, антикоагулянттар – 9,8 мың шприц, дене қызуын түсіретіндер – 2 мың шиша. , вирусқа қарсы препараттар – 15 мың таблетка.

«СК-Фармация» арқылы жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алуға қосымша өтінімдер берілсе, бүгінде сол қаржының 471 миллион теңгесіне алынға дәрілер облысқа жеткізілді.

Өзбекстаннан дәрі-дәрмек сатып алуға жергілікті бюджеттен 544 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда көрші мемлекеттен 24 миллион теңге көлеміндегі дәрі-дәрмектің алғашқы партиясы келіп, ауруханаларға таратылды.

«Дәрі-дәрмекке деген сұраныс әлі азайған жоқ. Сондықтан өтінімді тіркеу және жаңа заттарды түсіру, жеткізу жұмыстары шапшаңдықты талап етуде. Медициналық мекемелердің қажеттіліктеріне сәйкес дәрі-дәрмектердің уақытылы келуі мен дұрыс таратылуына қатаң бақылау жасалады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Жергілікті кәсіпкерлер де ел басына күн туған осындай қиын шақта шетте қалмай, қауіпті инфекциямен күрес жолында өз үлестерін қосты. Кәсіпкерлер аз қамтамасыз етілген отбасыларға дәрі-дәрмек алуға 48 миллион теңге бөлді. Жалпы, облыс кәсіпкерлері жинаған жылудың сомасы – 338 миллион теңге.

Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар басқа елдердің гуманитарлық көмегі арқасында да жеткізілуде.

Облысқа Катардан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркиядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен 45 мың жеке қорғаныс құралдары жиынтығы, 1 мың экспресс-тест, 220 литр антисептик, 11,2 мың пакет вирусқа қарсы препарат, 235 пакет антибиотик және 8 мың пакет басқа да қажетті дәрілер келіп жетті.


Соңғы жаңалықтар