Жамбыл атаның жүзге жуық ұрпағы бар - Салтанат Жамбылова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл Жабаевтың немересі, ақын музейінің меңгерушісі Салтанат Жамбылова елордадағы мерейтойдың ашылуына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды.

«Бүгін елорда төрінде Жамбыл атамызға үлкен құрмет көрсетіліп отыр. Осы жиынға біз де құр алақан келмей, Жамбыл атамыздың өз ауылындағы музейінен жәдігерлер әкелдік. Бұл музей атамыз тұрған үйде ашылған, 92 жасында Үкімет атамызға 12 бөлмелі үй салып берген екен. Одан болашақта музей жасау мақсаты болған шығар. Атамыз ол үйде 8 жыл тұрып, 1945 жылы 22 маусымда қайтыс болды. 1946 жылы атаның жүз жылдығы тойланғанда, Үкіметтің шешімімен үлкен үй музей атанды. Биыл атамыздың 175 жылдығы болса, музейдің құрылғанына 75 жыл толып отыр», - деді Салтанат Жамбылова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Жаңа театр фойесінде ұйымдастырылған көрмеде ұлы ақынның тұтынған жеке заттары, сыйланған сый-сияпаттары мен фотоестеліктер қойылған.

«Жамбыл атамыздың ұзақ ғұмырында 3 рет үйленген екен. Үш апамыз болған. Бірақ қатар емес, бірі қайтыс болған соң, екінші рет үйленді дегендей. Үш әйелден 8 ұлы, 2 қызы болған. Олардың көбі ертеректе қайтыс болған, Алғадай мен Ізтілеу деген екі ұлы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Менің әкем Тезекбай - Жамбылдың кіші баласы, 1985 жылы қайтыс болды. Қазір 8 ұл, 2 қыздан жүзге жуық ұрпақ тараған. Немере, шөбере, шөпшектері Қазақстанның түпкір-түпкірінде тұрады. Әрине көпшілігі, біз де Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында тұрамыз», - дейді С. Жамбылова.

Оның айтуынша, Жамбыл мерейтойы бойынша республика көлемінде алғашқы жиындар басталды.

«Өзіміз де облыс көлемінде жоспарлар құрдық. Көкшетаудағы М.Ғабдуллин музейіне, Нұр-Сұлтандағы Әсери қару-жарақ орталығына, Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстарына жылжымалы көрме апару жоспарда бар. Көршілес Қырғызстанда Жамбыл тойы қаңтар айының соңында басталып кетті. Наурыз айында Бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласымен телекөпірге шығамыз. Онда да Жамбыл атындағы көше мен ескерткіш бар», - дейді Салтанат Жамбылова.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, мерейтойдың мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев елордадағы Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойған еді.

Бүгін еліміздегі және шет елдердегі қалалар мен елдімекендерде Жамбыл Жабаевтың ескерткіштері мен бюсттеріне гүл шоқтары қойылды, әрқилы мәдени шаралар өткізілді.


Соңғы жаңалықтар