Жамбыл Ахметбеков несиені не үшін алғанын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне қандидат Жамбыл Ахметбеков өзінің жеке мүлкі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мен ауылдан келгеннен кейін пәтерді жалдап тұрдым. Астананың "Лесозавод" деген жерінде суды да, батпақты да көрдік. Одан кейін партиямыз Парламентке өткеннен кейін жеті депутаттың бірі болдым. Қазіргі кезде қызметтік үйде тұрамыз. Анам қолымда. Барлығы жеті адам болып тұрып жатырмыз. Ал өзімнің жеке басымда әлі үй жоқ. Жұбайым - мұғалім. 7-8 жылдай болды, бізге мемлекеттік бағдарламамен кейін сатып алуға мүмкіншілігі бар арендалық пәтерді берді. Оң жағалауда. Қазір ай сайын оның ақшасын төлеп тұрамыз, әлі біздің атымызға түскен жоқ. Біраз ақша төлеу керек. Сосын ертең балалардың үйі болсын деп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өзіміздің жалақымыздан ақша жинап жатырмыз. 9 жылдай болды. Бір 3 миллиондай ақша жиналып қалды", - деді Ж.Аxметбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәслихатында.

Президенттікке кандидат Ж.Ахметбеков өзінің жеке көлігін қалай алғанын да айтты. "Бұған дейін "Camry-10" деген көлігіміз болды. Оны сатып, несиеге Toyota Highlander-ді алдым. Үш жылдық кредитті төлеп шықтым. 2013 жылғы көлік. Қазір сонымен жүрмін. Менің атымда басқа көлік те, бизнес те, пәтер де жоқ. Оны алуға мүмкіншілік те жоқ", - деп атап көрсетті Ж.Аxметбеков.

Айта кетейік, бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Жамбыл Ахметбековті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеп, оған кандидаттың куәлігі ресми түрде табысталды.

Соңғы жаңалықтар