Жаманшың кратері: Геопарк әлде аспан асты музейі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Қазақстан киелі жерлерінің географиясына енген Жаманшың кратері ресейлік ғалымдардың зерттеу нысанынан түскен жоқ. Ақтөбе әкімдігі бұл жерге геопарк немесе аспан асты музейін салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 миллион жылдық тарихы бар Жаманшың метеориттік кратері - жан-жақты зерттелген нысандардың бірі. 1970 жылдан бастап аумақты зерттеуге қатысып, кейін «Метеоритный кратер Жаманшин» атты кітап жазған геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Павел Флоренский Ақтөбеге қайта келіп, аумақты қоршап, қорғауға алуды сұрады.

Халықаралық ғылыми-зерттеу және ғылыми-практикалық конференция кезінде сөз сөйлеген П.Флоренский кратерді қорғауға алып, туризмді дамыту жұмыстары кезінде жерді жалға бермеу қажет деген ойын баса айтты.

«Жаманшың кратерінде алмаз бар, бірақ ол әшекей жасауға келмейді. Яғни, тым ұсақ, аз. Геолог, минералогтарға бар, ал зергерлер үшін ол жерде алмаз жоқ деп бір сөзбен айтуға болады. Ал иргизит тектиттері - жаңбырша жауған әйнек, жаманшинит - жарылыс кезінде түзілген ерітіндінің бірігуі. Өткен ғасырда жүргізілген зерттеу кезінде ғылым академиясы арқылы әлемнің әр түкпіріндегі лабораторияларға, музейлерге иргизит пен жаманшиниттің бір бөлігін жібердім. Нәтижесінде Жаманшың әлем бойынша зерттелген кратерлердің қатарына кірді. Әрі күн санап адамдардың қызығушылығын арттырып келеді. Алдағы уақытта жақсы туристік маршрут ашу керек. Ол үшін жол салып, қонақ үй құрылысын жүргізген дұрыс. Ырғызда тұратын адамның гид болғаны қажет. Мұндайда жерді жалға беру нұсқасы қарастырылуы мүмкін. Ұлттық құндылықты саудаға салып, жерін жалға берудің, одан бизнес жасаудың қажеті жоқ», - деді зерттеуші Павел Флоренский.

Кратердің ішкі сақинасының өлшемі - 5,5 шақырым, сыртқы өлшемі - 10 шақырым. Қазір мұнда бір адамның бейіті бар. Ғалымдар құлпытастағы жазбаны оқи алмады. Дегенмен оның жергілікті тұрғын екені белгілі. Алдағы уақытта мұнда туристер үшін жеке маршрут бекітіліп, қолданысқа енгізілуі мүмкін.

«Зерттеуші Павел Флоренский кратердегі 20 шақырымды қорғауға ашып, қоршауды ұсынып отыр. Біз 100 шақырымды астрофизикалық, тарихи, табиғи ендік бағытты қамтитын кешенді туристік геопарк немесе орталық құрылуы қажет деп есептейміз. Зерттеуші Серік Әжіғали 30 жылдан бері осы туралы айтып келе жатыр. Себебі Жаманшың маңында Әбілқайыр хан 45 мың әскери жинаған, Алмат тамы, Жаныс би тамы, Балғасын мовзолейі бар. Мәселен Балғасын маңындағы емдік тұз Қырымның кез келген курортындағы ем тұзынан сапалы Ырғыз-Торғай резерваты бар. Бәріне ортақ турмаршрут қажет», - деді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.

Ақтөбеге келген ғалымдарды облыс әкімі Оңдасын Оразалин қабылдады.

«Президент халыққа Жолдауында броконерлікті тыю, табиғат пен жан-жануарларды қорғауға аса мән берді, Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген нысанның бірі ретінде Жаманшыңды қорғау жауапты іс әрі осы мәселеге жанашырлық білдіргендеріңіз үшін алғыс білдіремін», - деді Оңдасын Оразалин. Облыс әкімі ұсыныстарды жинақтап, әзірлеуді Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаевқа тапсырды.

Соңғы жаңалықтар