Жаманқұлов жымқырған қаржысының 5,3 млн теңгесін қайтарып берді

None
None
Алматы қаласындағы №2 Медеу аудандық сотында «Феникс» кинофильмін түсіруге бөлінген қаржыны жымқыру фактісі бойынша «Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына және «Т.К. Turan Universal Business» ЖШС-нің қызметкерлеріне қатысты сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгінгі сот отырысында зардап шеккен тараптың өкілі - Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкері Серік Эстияровтан жауап алынды. Ол тағылған айыптарды толығымен қолдады. Айтарлығы, зардап шеккен тарап жан-жақты және объективті тергеу шараларының нәтижесінде ақша жымқыру фактілері толықтай расталғанын атап айтты.

Серік Эстияровтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін Тұңғышбай Жаманқұлов 69 млн. теңгенің 5,3 млн. теңгесін қайтарып берген.

Тергеу барысында «Қазақфильм» АҚ фильмді түсіруге алдын ала дайындық және дайындық жұмыстарын жүргізуге «Т.К. Turan Universal Business» ЖШС-не 79 миллион теңге аударғаны анықталды. Соның ішінде 69 млн теңгені аталған компания арқылы картинаның бас директоры Тұңғышбай Жаманқұлов жымқырғаны дәлелденді. Ол «Т.К. Turan Universal Business» ЖШС-нің құрылтайшысы болып табылады. Нақтырақ айтқанда, ұрланған қаражат қосалқы мердігерлік ұйымдардың көмегімен қолма-қол ақша түрінде Тұңғышбай Жаманқұловқа жеткізіліп отырған.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 9-ыншы наурызында Алматы қаласындағы №2 Медеу аудандық сотында «Феникс» кинофильмін түсіруге бөлінген бюджет қаражатының ұрлануы бойынша басты сот отырысының алғашқы отырысы болып өтті. Сотталушылар орындығында 9 адам отыр: олар «Феникс» кинокартинасының бас продюсері, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, кинофильмнің режиссері Талғат Жәнібеков, атқарушы продюсері Наталья Юдина, редакторы Ғизат Сұлтанов, «Феникстің» дайындық кезеңіндегі түсірілім тобының директоры Мәрлен Әбішев, «Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ-ның топ-менеджері Гауһар Ысқақова, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі Данияр Әбдіқадыров, жеке кәсіпкер Илья Коробейников және кинокартинаның екінші режиссері Бижан Әбішев.

Сотталушыларға «Феникс» фильмін түсіруге бөлінген бюджет қаражатын ұрлады және астыртын жағдайда дем берушілік жасады деген айыптар тағылып отыр. Соттың бірінші күнгі отырысында зардап шеккен тарап - Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Мақсат Жақсыбаев егер күдіктілер келтірілген зиянды толық өтейтін болса, онда медиация тәртібімен күдіктілермен татуласуға ниетті екендіктерін мәлім етті. Алайда, төрағалық етуші судья қылмыстық іс жағдайында медиация қарастырылмағанын атап айтты. Бірақ процессуалдық шешімге келуге болатынын да жеткізді.

Атап айтарлығы, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі барлық кінәсін мойындады. Бұған дейін хабарлағандай, ол келтірілген зиянның 5.3 млн. теңгесін қайтарып берді. Сонымен қатар, басқа бес сотталушы да өздерінің кінәсін мойындады.

Тергеу нәтижесінде белгілі болғаны, «Феникс» кинофильмінің алғашқы және дайындық кезеңдерінің өндірісіне деп «T.K. Turan Universal Business» ЖШС-іне 79 млн. теңге аударады. Соның ішіндегі 69 млн. теңгесін жоғарыда аты аталған компания арқылы кинокартинаның бас продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов ұрлаған. Аталған компанияның құрылтайшысы да - Т. Жаманқұлов. Ақша қосалқы мердігерлік ұйымдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейінірек Т. Жаманқұловқа жеткізілген.

Соңғы жаңалықтар