Жаманқұлов ісі: Сотталушылар Жаманқұловтың қаржысын қалай қолма-қол ақшаға айналдырғанын айтты

None
None
Алматы қаласының № 2 Медеу аудандық сотында Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгінгі отырыста сотталушылар сот алдында түсінік беруді бастады. Сотта бірінші болып түсінік берген «Феникс» кинофильмінің атқарушы продюсері Наталья Юдина 2 млн. теңгені қайтарған соң, толықтай өз кінәсін мойындады.

«2014 жылдың маусымында Т. Жаманқұлов маған «Феникс» кинофильмінің өндірісіне бөлінген қаражаттың 6 млн. теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырып, өзіне жеткізуге нұсқау берді. Мен ол нұсқауды орындап, 5,3 млн. теңгені қолма-қол ақшаға айналдырдым»,- деді сотталушы Наталья Юдина.

Одан әрі Наталья Юдина бюджет қаражатын қалай және кімдердің көмегімен қолма-қол ақшаға айналдырғанын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, 1 млн. теңгеге жуық қаражат «AlmaStore» ЖШС-нің директоры Мәрлен Әбішевпен келісім-шарт жасау арқылы ұрланған. Келісімге сәйкес, Әбішевтің фирмасы «Феникс» кинофильмін түсіруге қажетті бейне аппаратурамен, байланыс құралдарымен және көлікпен қамтамасыз етуі керек болған. Алайда тергеу барысынан және соттағы куәгерлердің түсінігінен белгілі болғанындай, аталған фирма ешқандай қызмет түрін көрсетпеген. Бұған қоса, тағы да 1,3 млн. теңге басқа бір фирма - «АлекШ» атты жалған кәсіпорынның көмегімен қолма-қол ақшаға айналдырылған. Оның құжаттарын Мәрлен Әбішев ұсынғаны мәлім болды.

Сотта бұдан басқа да қылмыстық іс-қимылдар әшкереленді. Мәселен, 2,3 млн. теңге сотталушы Илья Коробейниковтың «SKARABEISTUDIO» жеке кәсіпкерлігінің көмегімен қолма-қол ақшаға айналдырылыпты. Бұдан бөлек, тағы 300 мың теңге жүргізуші Владимир Руснаковпен жалған келісім-шарт жасау арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Атап айтарлығы, Наталья Юдина құжаттарға оның жалған қолын өзі қойыпты. Тағы да 717 мың теңгені Тұңғышбай Жаманқұловтың нұсқауымен «T.K. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің шотынан есепші Назгүл Жүнісованың мәлім болды.

«Жүнісова арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған қаржыны мен Жаманқұловқа бердім. Осылайша, оның тапсырмасын орындадым»,- деп сөзін аяқтады Наталья Юдина.

Сонымен қатар, Тұңғышбай Жаманқұлов Наталья Юдинаға картинаның режиссері Талғат Жәнібековтің жалға алған пәтерінің ақысын төлеуді тапсырады. Алайда, бұл фильмді түсіру кезіндегі шығындар тізімінде көрсетілмеген екен. Осылайша, жалған жеке кәсіпорындар арқылы Наталья Юдина 1,2 млн. теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, пәтердің жалын төлеу үшін Талғат Жәнібековке берген.

Сайып келгенде, Жаманқұловтың тікелей нұсқауымен «Феникс» кинофильмін түсіру кезеңінде бюджеттен бөлінген қаражат  «T.K. TURAN UNIVERSAL BISINESS» ЖШС-нің әлеуетті жеткізушілерінен қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейінірек қосымша төлемақы есебінде режиссер Талғат Жәнібеков пен фильмнің редакторы Ғизат Сұлтановқа төленген. Бүгінгі сот отырысында сотқа жауап берген Мәрлен Әбішев өзінің 1 млн. теңгеге жуық қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырғанын ашық айтып, бұған дейінгі сотталушы Наталья Юдинаның соттағы жауаптарын толығымен растады.

Ертеңгі сот отырысында басқа да сотталушылар сотқа түсінік береді.   

Соңғы жаңалықтар