Жаманқұлов ісі: «Феникстің» қаржысының 1,5 млн. теңгесі Жаманқұловтың жеке жүргізушісінің жалақысына жұмсалған

None
None
«Феникс» кинофильмін түсіруге бөлінген қаражатты режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов өз жүргізушісінің жалақысына жұмсаған. Ал, жүргізушісі бастығының балаларын мектепке, спорттық секцияларға апарып отырған. Бұл туралы Алматы қаласындағы №2 Медеу аудандық сотында жалғасқан отырыста сотқа түсінік берген куәгер Азамат Дүйсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

«Маған Нурик есімді танысым хабарласып, жүргізуші ретінде жұмысқа тұруға мүмкіндік барын айтты. Одан кейін, маған Наталья Юдина («Феникс» кинофильмінің атқарушы продюсері - автор.) телефон шалып, Тұңғышбай Жаманқұловтың нөмірін берді. Мен Тұңғышбай Қадырұлымен хабарласып, 2014 жылдың мамыр айында жұмысқа қабылдандым. Тұңғышбай Жаманқұловтың балаларын өзімнің жеке автокөлігіммен тасыдым»,- деді соттағы сөзінде куәгер.

Азамат Дүйсенбаев күн сайын Т. Жаманқұловтың балаларын мектепке, ал каникул кезінде әртүрлі спорттық секияларға апарып тұрғанын әңгімеледі. Айтарлығы, ай сайын оның карточкасына 150 мың теңге жалақы түсіп отырған. «Феникс» кинофильмін қайда және қалай түсіргенінен хабарсызбын. Мен тек аптасына үш рет есепшіні құзырлы мекемелерге апарып отырдым. Одан соң балаларды тасыдым»,- деді куәгер соттағы сөзінде.

Қысқаша айтқанда, Т. Жаманқұловтың жүргізушісі «Феникске» қатысты өзінің міндеттерін орындамаса да, оған фильмнің бюджетінен жалақы төленген. Айта кетерлігі, Тұңғышбай Жаманқұлов өз балаларын тасыған жүргізушісіне 250 мың теңге қарызын қайтармаған.

Сот отырысында түсінік берген бір куәгер, «Феникс» кинофильмінің режиссері Талғат Жәнібековке жекеменшік пәтерін жалға берген Әлима Мұхаметқалиева Т. Жәнібековтің әйелінен ай сайын 115 мың теңге алғанын ашық айтты. Ол пәтерін бірнеше айға жалға берген. Алайда, бұл қарым-қатынастар заңдық тұрғыдан реттелмеген. Түптеп келгенде, пәтер жалдауға аз ақша жұмсалғанымен, картинаға бөлінген 1 млн. 200 мың теңге ұрланған. Айтарлығы, оған ешқандай заңдық құжаттар жасалмапты.

Айыптау актісінде жария болғанындай, «Феникс» кинофильмін түсіру барысында пәтер жалдауға ешқандай қаражат бөлу қарастырылмаған. Соған қарамастан, Талғат Жәнібеков пәтердің жалдауына заңсыз құжаттарды тіркепті. Осылайша, атышулы кинокартинаны түсіруге бөлінген қаражаттың 1 млн. 200 мың теңгесі жымқырылған. Өткен жолғы сот отырысында Тұңғышбай Жаманқұловтың «Фениксті» түсіруге бөлінген бюджеттің қаражатын өз ұялы телефонының ақысы мен үйін күзетуге жұмсағаны мәлім болған еді.

Айта кетелік, тергеу барысында Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің қорғаушысының көзінше бюджет қаражатын ұрлағанын толық мойындады. Сондай-ақ, жымқырылған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалғанын айтты. Тергеу нәтижесінде белгілі болғаны, «Феникс» кинофильмінің алғашқы және дайындық кезеңдерінің өндірісіне деп «T.K. Turan Universal Business» ЖШС-іне 79 млн. теңге аударады. Соның ішіндегі 69 млн. теңгесін жоғарыда аты аталған компания арқылы кинокартинаның бас продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов ұрлаған. Аталған компанияның құрылтайшысы да - Т. Жаманқұлов. Ақша қосалқы мердігерлік ұйымдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейінірек Т. Жаманқұловқа жеткізілген.

Соңғы жаңалықтар