Жалпыға бірдей декларацияны кім тапсырады және нені көрсетуі керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Жалпыға бірдей декларациялауды енгізу төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең биылғы 1 қаңтардан басталды, екінші кезең – 2023 жылы 1 қаңтарда, үшінші кезең – 2024 жылы 1 қаңтарда және төртінші кезең – 2025 жылдан бастап енгізіледі.

Осы орайда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жалпыға бірдей декларациялау басқармасының басшысы Дина Құсайынова ҚазАқпарат тілшісіне жалпыға бірдей декларациялаудың қалай өтіп жатқанын айтып және декларация тапсыруға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.

– Дина Қабдылманапқызы, бірінші кезеңде активтер мен міндеттемелер туралы кіріс декларациясын кім тапсырады? Қазіргі күнге дейін қанша адам декларация тапсырды?

– Бірінші кезеңде кіріс декларациясын тапсыратындар:

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттігі бар адамдар және олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындау уәкілеттігі бар адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары;

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген адамдар.

Бұл – биылдан бастап активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруға міндеттілер санаты.

Ал 15 ақпандағы жағдай бойынша елімізде 220 мың адам декларация тапсырды.

– Нақты айтар болсақ, биыл әкімдік қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектор басшылары декларация тапсыра ма?

– Әкімдіктер мен мәслихат қызметкерлері – барлығы декларация тапсырады. Сонымен бірге, оларға теңестірілген тұлғалар – квазимемлекеттік сектор басшылары, яғни барлық ұлттық компаниялардың басшылары да өз жұбайларымен бірге декларация тапсыруы тиіс. Мектеп директорлары – квазимемлекеттік сектор басшылары болып саналады. Себебі мектептер мемлекеттік мекемелерге жатады. Сондықтан мектеп директорлары да декларация тапсыратын болады.

– 2023 жылы декларациялаудың екінші кезеңі басталғанда, өз мүлкін көрсету кімдерге жүктеледі?

– Екінші кезеңде – 2023 жылы барлық квазимемлекеттік сектор тартылады. Барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен олардың өмірлік жолдастары және ұлттық компаниялардың қызметкерлері декларация тапсыруға міндетті болады. 2023 жылдан бастап – мұғалімдер мен медбикелер де декларация тапсырады, өйткені олар мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ал мектептер мен ауруханалар – мемлекеттік мекемелер болып саналады. Ал квазимемлекеттік секторлар дегеніміз – мемлекеттің қатысу үлесі бар барлық компаниялар мен холдингтер.

– Декларация тапсырмаған жағдайда айыппұл немесе жазаның басқа да түрлері қарастырыла ма?

– Ең алдымен Әкімшілік кодексте ескерту қарастырылған. Егер бір жыл ішінде құқықбұзушылық тағы тіркелсе,3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бірақ бұл салыстырмалы түрде өте аз. Мұның бәрі адамдардың осы процесті үйренуі үшін жасалады, содан кейін әрине, тиімді шаралар қабылдай бастаймыз. Үкімет халықты бұл жаңалыққа біртіндеп үйреніп кетеді деп есептейді.

– 2025 жылы толық декларациялауға көшу жоспарланып отыр, бұл ретте кімдер мүлкі туралы есеп беруі керек? Мысалы, біздің елімізде мүлкі бар шетел азаматтары декларация тапсыра ма?

– Декларацияны барлық кәмелетке толған тұлғалар, Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, тұруға ықтиярхаты бар адамдар, Қазақстан Республикасының резиденті болып саналатын шетелдік азаматтар немесе азаматтығы жоқ адамдар ұсынады. Сонымен бірге, резидент емес шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдардың ҚР аумағында тіркелген мүлкі немесе ҚР аумағындағы тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі болса – яғни, біздің елімізде қандай да бір мүлкі бар адамдар да декларация тапсыруы тиіс.

Егер кәмелетке толмаған қазақстандықтың меншік құқығында Қазақстан Республикасынан тыс жерде мүлік тіркелсе, Қазақстанда да, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде де үлестік қатысу шартымен жылжымайтын мүлік құрылысында үлесі болса, шетел банктеріндегі банк шоттарында 1000 АЕК жоғары сомада ақша болса және нотариалды куәландырылған дебиторлық кредиторлық берешек болса — декларация тапсыруы тиіс. Олар үшін заңды өкілдері – ата-аналар немесе қамқоршылар өкілдік етеді.

– Декларация тапсырудың мерзімдері қандай, әр жыл сайын тапсыру қажет пе?

– Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырған соң, жыл сайынғы декларацияны тапсыруыңыз керек. Бұл мемлекеттік қызметшілер үшін жыл сайынғы міндет делік. Ал халықтың басқа санаттары жыл сайын тапсырмайды. Егер шетелдік активтер мен кірістер болса немесе активтер қозғалысы болған жағдайда декларация ұсыну қажет болады.

Мәселен, дәрігер ауруханада жұмыс істейді және тек дәрігер ретінде жалақы алады делік. Ол алдымен 2023 жылы кіріс декларациясын ұсынады. Егер ол ауруханада тұрақты жұмыс істесе және басқа кірісі болмаса, мүлікті жалға бермесе, шетелде активтері болмаса, дәрігер жыл сайын декларация тапсырмайды. Бірақ, кенеттен бұл дәрігер 2026 жылы пәтер сатып алса, сол жыл үшін декларация тапсыруы керек және пәтер сатып алғанын және оны қандай көздерден сатып алғанын көрсетуі керек.

– Декларацияда нені көрсету керек?

– Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда шет мемлекетте тіркелген мүлікті көрсету қажет. Бұл толығымен жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, жер үлесі, әуе теңіз кемелері, ішкі суда жүзетін кемелер, көлік құралдары, арнайы техника немесе тіркемелер болуы мүмкін. Ал шет мемлекеттерде тіркелген жылжымайтын мүлік пен көлік көрсетілуі керек екені түсінікті. Егер Қазақстанда пәтер немесе көлік болса, оны көрсетудің қажеті жоқ. Біз бұл көрсеткішті әдейі алып тастадық, өйткені біз бұл мәліметтерді көріп отырмыз. Ол үшін ақпараттық жүйелер бар және кімнің тіркелгенін көреміз. Сондықтан шетелдік мүлікті ғана көрсету керек. Қазақстан бойынша банктік шоттардағы ақшаны да көрсетудің қажеті жоқ. Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы барлық салымдар бойынша 1000 АЕК-тен асатын қаражатты көрсету керек.

ҚР аумағынан тыс құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, авторлық құқық, зияткерлік меншік нысандары – осының бәрін Қазақстанда да, ҚР шегінен тыс жерлерде де көрсету қажет. 10 000 АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Нотариалды куәландырылған дебиторлық берешек көрсетіледі. Ал қазақстандық банктерден алынған несиелерді көрсетудің қажеті жоқ.

– Егер қымбат зергерлік бұйымдар болса, оны декларацияда көрсету қажет пе?

– Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда жеке тұлғаның қалауымен құны 1000 АЕК-тен асатын мүлік болса, оны бағалау қажет және декларацияда да көрсетуге болады.

Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілерге қатысты активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда: егер адам мүлкін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға сәйкес, сенімгерлік басқаруға берсе, кімге және қандай мерзімге және дәл нені сенімгерлік басқаруға бергендерін көрсететін болады. Айталық, егер белгілі бір мемлекеттік қызметшінің коммерциялық жылжымайтын мүлкі болса және оны сенімгерлік басқаруға берсе, ол декларацияда қандай мүлікті бергенін және қандай мерзімге бергенін көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар