Жалпыға бірдей декларация: 2022 жылғы форманың айырмашылығы қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Байланыс орталығы» басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаева 2022 жылы жеке тұлғалар үшін декларациялаудың өткен жылдан айырмашылығы неде екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі басталды. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшылары өз активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынған еді. Енді 2022 жылы дәл осы адамдар басқа формада – «Кірістер мен мүлік туралы декларация» 270.00 формасын ұсынуы керек. Ол былтырғы 250.00 формасынан несімен ерекшеленеді? Былтырғысы декларацияның бастапқы формасы болды, онда мүлік, соның ішінде шетелде, шетелдік банктердегі шоттар және қолма-қол ақша көрсетілген. Ал биыл декларанттар күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер туралы, оларға қолданылған салық шегерімдері, мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару туралы мәліметтер, шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша туралы ақпарат беруі тиіс», – деді А. Сартаева.

Өз сөзінде спикер Қазақстан заңнамасында мемлекеттік қызметшілердің жұбайларына жеке кәсіпкер, коммерциялық ұйымдардың басшылары ретінде қызмет етуіне тыйым салынбайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, бірінші кезеңдегі жеке тұлғалар 270.00 формасындағы декларацияны: электрондық түрде – 2022 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей; қағаз тасығышта – 2022 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей тапсыруы тиіс. Кірістер мен мүлік туралы декларацияны электронды түрде «Салық төлеушінің кабинетінде» (kgd.gov.kz) және eSalyq Аzamat мобильді қосымшасы арқылы жіберуге болады.

«Өткен жылы декларанттар электронды декларацияны 2-3 минут ішінде толтырды, бұл жоғарыда көрсетілген қосымшаларды пайдаланудың жеңілдігін көрсетеді», - деді Айнұр Сартаева.


Соңғы жаңалықтар