Жалғызбасты жандардың көбеюі — Оңтүстік Кореядағы жаңа әлеуметтік проблема

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оңтүстік Кореядағы қазіргі шынайы жағдайда елдің демографиялық ахуалы айтарлықтай өзгеріске ұшырап отыр. Соңғы бірнеше ондаған жылдың ішінде қоғамның үздіксіз қартаюы, туу көрсеткішінің артуы, сонымен қатар жалғыз өмір сүруді қалайтын адамдар санының артуы байқалады. Корей қоғамындағы жалғызбасты адамдар санының өсу себебіне және оған түрткі болған проблемаларға орай әзірленген ҚазАқпарат материалын оқыңыздар.

Ел халқының саны 3 жыл қатарынан кеміп келеді

Statista ақпараттық порталының хабарлауынша, 1953 жылдан бастап 1990 жылдарға дейінгі кезеңде Оңтүстік Корея тұрғындарының саны түрлі факторлардың арқасында күрт өсті. Алайда, соңғы жылдары өсім айтарлықтай қысқарып отыр. 2020 жылы ел халқының саны шамамен 51,78 млн адам болса, бір жылдан кейін 51,6 млн адамға дейін азайды.

Статистикалық деректерге қарағанда, 2022 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша республикада тіркелген тұрғындардың саны 51,4 млн адамды құрайды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 0,39 пайызға кем. Осылайша, үшінші жыл қатарынан ел тарихында тұрғындар санының кеми түсуі байқалады. Яғни, дүниеге келген сәбилердің санынан өмірден озғандардың саны басым болып тұр.

Фото: Heo Ran / Reuters

Оңтүстік Корея 2025 жылы «супер-қартауюшы» қоғамға айналады

Туу көрсеткішінің төмендеуі мен халықтың қартаюы бүгінде Оңтүстік Корея бетпе-бет келіп отырған ең үлкен проблемалардың біріне айналған. Өткен жылдардың ішінде оңтүстіккорейліктердің өмір сүру ұзақтығы 80 жастан 83 жасқа дейін артты. Ал осы орайда 2021 жылы елдегі туу коэффициенті 0,81-ге қысқарған. Бұл соңғы 5 жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткіш саналады.

Бүгінде елде қарт адамдардың үлесі үнемі артып келе жатыр. 2025 жылға қарай Оңтүстік Корея 65 жас және жасы одан асқан адамдар бүкіл халықтың 20 пайыздан астамын құрайтын «супер-қартаюшы» қоғамға айналады деген болжам бар.

Фото: medicalinasia.com

Жан саны аз отбасылар көбейіп келеді

Соңғы 10 жылдың ішінде оңтүстіккорейлік қоғамның отбасылық құрылымы да өзгерістерге ұшырап отыр. Егер, осыдан 40 жыл бұрын орташа есеппен алғанда бір отбасында төрттен астам адам болса, бүгінде не бәрі 2-3 адамды ғана құрайды. Тұрғындардың жалпы санының төмендеп келе жатқанына қарамастан 2022 жылы жалғыздықта өмір сүретін немесе оқшауланған өмір салтын ұстанатын адамдар саны 9,71 млн адамға дейін артқан. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 260 мың адамға көп.

Корейлік The Korea Herald басылымының елдің статистикалық агенттігіне сілтеме жасай отырып жазуынша, 2021 жылы Оңтүстік Кореяда 1 адамнан тұратын отбасылардың үлесі жаңа рекордтық деңгейге жетіп, отбасылардың жалпы санының 2020 жылғы 31,7 пайызымен салыстырғанда 33,4 пайызға жеткен.

Елдің статистикалық агенттігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай жалғызбасты оңтүстіккорейліктердің саны жалпы отбасылардың 35,6 пайызына, ал 2050 жылы 39,6 пайызына жетпек.

Бұл деректер елдегі демографиялық өзгерістерге дәлел бола алады. Сонымен қатар агенттік неке қиюды кейінге ысырып жүрген не болмаса экономикалық қиындықтардың салдарынан және әлеуметтік нормалардағы өзгерістерден некелеуден бас тартқан жастардың саны күрт артып бара жатқандығын атап өтеді.

Фото: Reuters

2021 жылдың қорытындысында елдегі жасы 20-ға толған жалғызбасты жастардың саны 19,8 пайызды құрайды. Ал дәл осы санаттағы жасы 70-тен және одан жоғары адамдардың үлесі 18,1 пайызға жетіп отыр. Оңашаланғанды жаны қалаған 30 жастағылардың үлесі 17,1 пайыз болса, 60 асқан тұрғындардың 16,4 пайызы – жалғызбасты.

Жалқы өмір сүру. Себебі не?

Демографиялық зерттеулермен айналысатын сарапшылар бір адамнан тұратын отбасылар санының артуын, неке тіркеу көрсеткішінің төмендеуін, ажырасулар санының ұлғая түсуін және жалғызбасты қарттардың көбеюін жұбайлардың бірінің өмірден озуымен, сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің күшейе түсуімен түсіндіреді.

Қаржының қосымша қорын талап ететін Оңтүстік Кореядағы өмір сүрудің жоғары деңгейі оңаша өмір сүру салтын қалаған жалғызбасты адамдар санының артуына түрткі болып отыр. Отбасылық қарым-қатынастағы соңғы тенденцияларға сәйкес, елде шаңырақты кеш көтеретіндер санының үздіксіз ұлғаюы, неке қиюды қаламайтын жастар санының артуы жалғасып келеді. Жасы 20-дан асқан қыздар арасында тұрмысқа шықпағандардың саны көбейе түскен. Сонымен қатар үйленуден бас тартып жүрген 30-бен 50 жас аралығында ерлердің де қарасы қалың.

Фото:traveltimes.ru

2018 жылғы статистикалық деректер елде ажырасқандар санының үнемі өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Тіпті, 40-50 жас аралығындағы азаматтардың арасында да ажырасу өршіп тұр. Бұған дейін елдегі неке бұзу статистикасы төмендегендігі байқалған болатын. Дегенмен, 2018 жылы көрсетіш қайтадан арта бастады. Корей қоғамының әлеуметтік қарым-қатынасында неке құндылығы деген түсініктің мәні жоғалып бара жатқан сияқты. Мұның орнына ажырасу мен азаматтық неке қолайлылығы, бала туудың қажетсіздігі деген сияқты түсінік дендеп бара жатыр.

Айта кетерлігі, коронавирус індеті салдарынан туындаған экономикалық құлдырау мен әлеуметтік қарым-қатынастың бұзылуы салдарынан оңтүстіккорейлік жастар қаржылық тұрақсыздық және баспана бағасының қымбаттауы, пәтер жалдау құнының көтерілуі, жұмыссыздық жайлаған сәтте жұмыс іздеу, азық-түлік пен киім-кешек, жалпы тауарлардың бағасының шарықтауы сынды факторлармен байланысты қаржылай қиындыққа тап болды. Сол себептен де романтикалық кездесулерден, неке қиып, бала тәрбиелеуден жалтарып, жалғыздықта өмір сүруді қалап жүр.

Фото:© ALXEYPNFEROV / GETTYIMAGES.COM

Жалғыздықта өмір сүруге құштарлық тенденциясы ел халқының қай тобын алып қарасақ та байқалады. Ал жалғызілікті тұрғындар санының арту проблемасы қоғам үшін ғана емес, жалпы Оңтүстік Корея мемлекеті үшін де өзекті бола түсуде.

Айта кетерлігі, Корея Республикасы соңғы 16 жылдың ішінде бала туу көрсеткішін арттыру мақсатында 210 млрд доллар шығындады. Бұл қаражат балалар күтіміне төлем жасауға арналған түрлі субсидиялар беруге, мектепке дейінгі мекемелердің желісін кеңейтуге жұмсалды. Тіпті, жас отбасылар пәтер сатып алуы үшін төмен пайызды несие де берілді. Бірақ, елдегі демографиялық ахуал түзелер емес. Сондықтан осы жылдың 1 қаңтарынан бастап корей үкіметі 1 жасқа толмаған бір бала үшін олардың ата-аналарына ай сайын төленетін төлемақы сомасын 300 мыңнан 700 мың вонға (570 доллар) дейін, 1 жастан 2 жасқа дейінгі балаларға 350 мың вонға (284 доллар) дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Ал 2024 жылдан бастап субсидия көлемі тиісінше 1 млн және 500 мың вонға дейін арттырылмақ. Мұнан бөлек, министрлер кабинеті бала күтіміне байланысты ата-ананың екеуіне де демалыс мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға дейін арттыруды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар