Жалғызбасты әйелдерді алдап келген теміртаулық жігіт СҚО-да ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жалғызілікті әйелдердің сеніміне кіріп, кейін пәтерлерін тонаған Теміртау қаласының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, криминалдық полиция қызметкерлері Петропавл қалалық полиция басқармасындағы әріптестерінің көмегімен іздеуде жүрген Теміртау қаласының тұрғынын ұстады. Бұған дейін сотталған 34 жастағы ер адам жалғызілікті әйелдермен танысып, олардың сеніміне кірген. 1-2 айдан кейін пәтерде ешкім болмаған кезде қолына түскен бағалы заттарды алып, ізін жасырған. Ол осыған ұқсас қылмыстарды Павлодарда, Теміртау мен Абай қалаларында (Қарағанды облысы) жасаған.

Ер адам сәуір айынан бері іздеуде болған. Қылмыскер Петропавлда жүруі мүмкін деген ақпарат түсісімен солтүстікқазақстандық полицейлер жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді. Соның ішінде жалға берілетін пәтерлер тексерілді. Солардың бірінде ер адам ұсталды.

«Ер адам жалғызілікті әйелмен тұрған. Әйел оны өз ақшасына асырап келген. Күдікті жалған есіммен танысқан. Қазіргі уақытта ол Теміртау қалалық полиция басқармасына берілді. Жалпы, жыл басынан криминалдық полицейлер облыс бойынша 7 қылмыскердің жүрген жерін анықтады. Сондай-ақ қарағандылық әріптестеріміз үшін бір қылмыскерді және шетелдік құқық қорғау органдары үшін 12 адамды ұстап бердік», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.


Соңғы жаңалықтар