«Жалғыз рейнджер» фильмі 4 шілдеден бастап қазақ тілінде кинотеатрлардан көрсетіле бастайды

None
None
АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат - «Кариб теңізінің қарақшылары» туындысымен белгілі америкалық продюсер Джерри Брукхаймер мен режиссер Гор Вербински «Жалғыз Рейнджер» атты жаңа фильмін Мәскеуге алып келді. Басты рөлдерді сомдаған голливудтық жұлдыздар Джонни Депп пен Арми Хаммер тұсаукесерге қатысып, өз көрермендері мен талантына табынушыларын бір қуантты. Бұл туралы «Қазақстан» Ұлттық арнасының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Жалғыз рейнджер» фильмі 4 шілдеден бастап кинотеатрлардан көрсетіле бастайды. «Дисней» студиясы түсірген бұл фильм «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен қазақ тіліне де аударылды. Ал оның Қазақстандағы басты ақпараттық демеушісі - Ұлттық арна.

Үндістер мен ақтардың ақпарылысы. Шатқалдарды шарлаған ковбойлар. Бұл тақырып Голливудтық фильмдерге жиі арқау боп жатады. Әйтсе де, режиссер Гор Вербински «Жалғыз Рейнджер» фильмінде бұл сюжетті бұрынғыдан өзгеше көрсетуге тырысып баққан. Басты кейіпкерлер - әділдік үшін күресетін үндіс Тонто мен рейнджер Джон. Оларды голливудтық жұлдыз Джонни Депп пен жас актер Арми Хаммер сомдаған.

«Мен өз рөлімді сомдау арқылы Американың байырғы тұрғындары үндістерге деген құрметімді көрсеткім келді. Себебі Христофор Колумб Американы ашып, оны мекендейтін халыққа үндістер деп ат қойғанша, олар өзімен-өзі тіршілік кешіп жатқан бірнеше ғасырлық бай тарихы бар халық еді. Біз үндістерді бұған дейін түсірілген басқа фильмдерден ерекше қылып көрсетуге тырыстық», - деді актер Джонни Депп бізге берген сұхбатында.

Фильмнің Мәскеудегі алғашқы көрсетіліміне түсіру тобы толығымен келді. Ұлттық арнаға жеке сұхбат берген Голливуд жұлдыздары елімізге сәлем жолдап, халқымызды келе жатқан Астана күнімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар