Жалғыз басты әйелді айуандықпен өлтірген азғын  26 жылға сотталды - Алматы облысы
2018 жылғы 26 наурыз 14:09

Жалғыз басты әйелді айуандықпен өлтірген азғын 26 жылға сотталды - Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 36 жастағы әйелді зорлап, артынша өлтірген азғын 26 жылға сотталды. Марқұм әйелдің артында 6 жастағы қызы қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған істе, айыпталушының бұған дейін тонау және ұрлық қылмыстары бойынша сотталғаны анықталды. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жалғыз басты әйелді айуандықпен өлтірген азғын 35 жаста, Алматы қаласының тұрғыны. Қанды оқиға 2017 жылдың 17 желтоқсанында Көксу ауданындағы Теректі ауылындағы жер үйлердің бірінде тіркелген.

«Күдікті Талдықорғандағы автовокзалдан табылды. Ол қылмысын жасыру мақсатында полицейлерден ізін суытпақ болған. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті күндіз әйелдің үйіне барған. Бірақ жалғыз басты ана оны үйіне кіргізбеген. Ал кешкісін күдікті ішімдік ішіп, түнде әйелдің үйіне баса-көктеп кірген. Зорлап, артынша өлтірген. Ал марқұм болған әйелдің қызы аман қалды. Ол сол қанды қылмыс болған түні үйдің басқа бөлмесінде болып, қылмыскердің көзіне түспей қалған», деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Күдіктінің қылмысы толықтай дәлелденді. Сотталушы бұрынғы өтемеген жазасын барлығын қосқанда түрмеде 26 жылын өткізеді.

Ал анасынан айырылған 6 жастағы қыз бала мемлекеттің қамқорлығына алынады.

Фото: rostovgazeta.ru

Jańalyqtar

MURAǴAT