Жалған мәліметпен субсидия алған жамбылдық шаруалар жазаланды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жалған мәліметтер арқылы субсидия алған жамбылдық шаруалар тиісті қаражатты мемлекетке кері қайтаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті өткізген брифингте мал шаруашылығын субсидиялау бағытындағы қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары сараланды.

Департаменттің бас маманы Қайрат Ақмырзаевтің айтуынша, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын субсидиялау бағытындағы қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау барысында, субсидия алған шаруашылық субъектілерінің өз өтінімдерінде дұрыс емес, яғни шындыққа жанаспайтын мәліметтерді көрсеткендігі анықталған.

«Бірқатар шаруалар субсидия алу барысында құзырлы мекемелерге жалған мәліметтер өткізген болып шыққан. Нәтижесінде өңір шаруа қожалықтары 975 200 теңге көлеміндегі субсидияға төленген қаражатты бюджетке кері қайтарды. Бұл бағытта жұмыс жүргізіле бермек»,- дейді Қайрат Ақмырзаев.


Айта кетейік, жалған құжатпен қаржы жымқыруды ойлағандардың қатарында «Меркі асыл тұқымды зауыты», «Бірлік», «Гамбург», «Ақ-барс» және «Аяла» шаруа қожалықтары мен серіктестіктері бар.

«Бүгінгі таңда орын алған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасының жаңа жобасы әзірленді. Оған субсидиялаудың ақпараттық жүйесін, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасымен интеграциялай отырып, автоматты түрде салыстырып тексеруді жүзеге асыру талаптары қосылды», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Еркебұлан Күлкеев.


Соңғы жаңалықтар