Жалған компанияға 20 млн теңге салған елордалық ақшасы мен пәтерінен айырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы 1 750 қазақстандық алаяқтарға алданып, жалған инвестициялық компанияларға ақша салған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің брифингісінде Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Оразалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде, жалпы ғаламтор желісінде ұлттық компаниялардың атынан инвестиция салымдары туралы хабарландырулар таралуда. Сонымен қатар, азаматтар осы алаяқтық инвестицияларға ақшаларын көбейту үшін несиелер рәсімдеген. Жеңіл ақшаны іздегендер жинақтарынан айырылды. Мысалы, 16 қаңтарда елорда тұрғыны полицияға жүгінді. Ол жұмыс істемейтін инвестициялық компанияға 20 млн теңге салып, өз ақшасынан және пәтерінен айырылып қалған», - деп мәлім етті Арман Оразалиев.

Полиция өкілі инвестициялық салым жасау туралы шешім қабылдамас бұрын, интернетте орналасқан компаниялардың ресми өкілдеріне хабарласу қажет екенін атап өтті.

«Қазақстанда биржа саласында лицензиясы бар брокерлер мен дилерлер арқылы ғана сауда жасау қажет. Аталған инвестициялық қызметін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атынан уәкілетті орган реттейді. Брокерлік немесе дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың лицензиясының болуын ресми GOV.KZ сайты арқылы тексеруге болады. Қазіргі таңда Қазақстанда 38 брокерлермен қызмет көрсетуде. Сондықтан кез келген сайттарда шығатын жарнама сілтемелерге кіріп дербес деректерді енгізуге болмайды», - деп ескертті Арман Оразалиев.

Қоса кетейік, былтыр елімізде 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген.


Соңғы жаңалықтар