2014 жылғы 16 маусым 13:24

Жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін 926 000 теңге айыппұл салынды-Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Атбасар қаласында жалған кәсіпкерлікпен айналысқан азаматқа 926 000 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Атбасар қаласының С. есімді тұрғыны бірнеше ай бойы арам ойымен өзі құрған «Амар-777», «Дарк-777», «СарНур» серіктестіктері арқылы тауарларды түсіру және қызмет көрсету бойынша заңсыз мәміле жасап, жалған кәсіпкерлікпен айналысып келген. Осыған орай, облыстық қаржы полициясы ҚР ҚК 192 бабының 2 бөліміне сәйкес жүргізген тергеу амалдары барысында С. есімді азаматтың еліміздің әр өңіріндегі 85 кәсіпорынмен заңсыз мәміле жасап, мемлекетке 1 652 339 754 теңге шығын келтіргені дәлелденді.

Сот процессі барысында мемлекеттік айыптаушы - Атбасар ауданының прокуроры Д.Аманбай соттан С. есімді азаматты кінәлі деп танып, 500 АЕК көлемінде 926 000 теңге айыппұл салуды сұраған болатын.

Нәтижесінде жақында маусымның 6 күні Атбасар аудандық сотының шешімі шығарылып, онда прокурордың талабы қанағаттандырылды және айыпты 500 АЕК көлемінде 926 000 теңге айыппұл төлейтін болды.

Әзірге, сот өкімі күшіне енген жоқ.

Jańalyqtar

MURAǴAT