Жалған хабарлама таратқан 236 азаматтың 147-сі сотталды – Бас прокуратура
2022 жылғы 27 сәуір 16:38

Жалған хабарлама таратқан 236 азаматтың 147-сі сотталды – Бас прокуратура

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар жиілеп кетті. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің үндеуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әдетте, оқу орындарында, сауда орталықтарында, әуежайларда, вокзалдарда және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде жарылғыш заттардың болуы туралы хабарланады. Осы фактілерді тексеру шаралары көп уақыт пен ресурсты қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел-тергеу топтары шығады. Нәтижесі шұғыл қызметтер шынымен қауіп төніп тұрған немесе шұғыл көмекке мұқтаж адамдарды құтқару бойынша нақты міндеттерден алшақ шығады. Сонымен қатар, мұндай шабуылдың объектісіне айналған кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режимі бұзылады. Адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін», - деді үндеуінде құзырлы орган өкілі.

Ол 26 сәуірдегі жарылғыш құрылғылар туралы хабарламалар елордадағы және басқа қалалардағы бірнеше ондаған оқу орындарының электронды мекенжайларына түскенін еске салды. Олардың барлығы тексеріліп, расталмаған. Бұл уақытта оқу процесі бұзылып, жүздеген оқушылар мен оқытушылар эвакуацияланды. Қылмыскерлерді іздеу жүріп жатыр.

Бұған дейін, 31 наурызда елордалық әуежайдың электронды мекенжайына бомба салынғаны туралы хат келіп түскен. Осы мекенжайдан елордалық «Әбу Даби Плаза», «Хан Шатыр», «Мега Силквей» сауда ойын-сауық орталықтарын және өзге объектілерді «миналау» туралы тағы 6 хабарлама жолданған. 3 мыңға жуық адам эвакуацияланғанымен, жарылғыш құрылғылар табылмаған. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында кінәлі тұлға анықталды. Кінәсін мойындап, ол соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

«Аталған іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Жалпы, 2016 жылдан бастап соттар терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 236 тұлғаны соттады, соның ішінде 147-сі бас бостандығынан айырылды. Шұғыл қызметтердің жалған шақыруымен келтірілген материалдық залал кінәлілерден өндірілді.

Қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі қылмыстың іздерін жасыру үшін кейбір жағдайларда жалған хабарламалар шетелдегі электрондық пошталар мен серверлерден жіберілетінін көрсетті. Осындай ақпараттық шараның мақсаты – елдегі жағдайды тұрақсыздандыру және халықты қорқыту», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Ол үндеуінде Бас прокуратура азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды қырағы болуға шақыратынын жеткізді. Терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар таратпау және орналастырудың жолын кесу, мұндай хабарламалардың авторларына жәрдем көрсетпеу қажет.

«Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс туралы мәліметтер болса, құқық қорғау және арнайы органдарға дереу хабарлауды сұраймыз», - делінген үндеуде.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT