Жалған хабарлама: Ақтөбе мектептерінен жарылғыш зат табылмады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе полициясы «мектептерде бомба бар» деген хабарламадан соң тексеру жүргізіп, оның жалған екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2-қыркүйек күні сағат 07:20 шамасында Ақтөбе қаласындағы №1, 2, 21, 22 және 56 орта мектептерінің электронды поштасына «ғимаратқа бомба қойылғаны» туралы хабарлама келіп түсті. Барлық шұғыл қызметтер мен саперлар тобы дереу оқиға орнына шықты. Ғимараттарды тексерді. Оқу орындарында оқушылар болған жоқ. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Полиция департаменті анонимді хабарламалардың авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның айтуынша, мектеп поштасына түскен хабарлама кешегі хабарламаның дәл көшірмесі. Онда 6 мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жазылған. Мектеп әкімшілігі дереу полицияға хабарлап, бір сағат бойы тексеру жүргізілді. Кейін сабақ кестеге сәйкес жалғасты.


Соңғы жаңалықтар